Игілікті шара жалғаса береді

Еліміздегі енгізілген төтенше жағдайға байланысты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев қазақстандықтарға үндеу жасап, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкімет тарапынан бүгінгі күні коронавирус індетінің таралуымен күресу мақсатында іске асырылып жатқан шұғыл шараларды қолдауға шақырғаны белгілі. Бұл күндері «Нұр Отан» партиясының бастамасымен қолға алынған «Біз біргеміз!» акциясы еліміздің әр аймағында жалғасын тауып жатыр.

Әлбетте, жерлестеріміз бұл игілікті істен қалыс қалған емес. Бұл ретте «Нұр Отан» партиясының Сәтбаев филиалының жетекшілері мен жеке кәсіпкерлер бірлесіп, аталмыш акцияны жалғастырды. Кезекті рет ұйымдастырылған игілікті істе көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі, көмекке мұқтаж 50 отбасына және еңбек ардагерлеріне көмек көрсетілді.

– Аталмыш шараға «Мейірім шуағы» меценаттар клубы белсенді атсалысуда. Бұдан бұрын 70 отбасыға бір реттік азық-түлік себетін үлестірдік. Төтенше жағдай кезінде қала тұрғындарына аз да болса қолдау болсын деген ниетіміз осы. Қауіпті індетті бірлесе жеңіп шығамыз, тәртіпке бағынайық, – дейді жеке кәсіпкер Алаш Тұрлыбек.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, үй жағдайында тігілген маскалар да мұқтаж жандарға таратылды. Бір орынға көп адамды шоғырландырмау керектігін алға тартқан олар, азық-түлікті әр мекен-жайға жеке-жеке апарып тапсыруда. Ал, белгіленген мекен-жайға жеткізуді еріктілер өз міндетіне алған.

Қаракөз Искакова көп баланың анасы. Бірнеше жылдан бері пәтер жалдап тұрады екен. Елдегі жағдайға байланысты тегін азық-түлік таратқан қайырымды жандарға ағынан жарылып, алғысын білдірді.

– Қайырымды жандардың бар екеніне зор қуаныштымын. Ерекше алғысымды білдіремін. Алладан қайт-сын! – дейді ол.

Айта кетейік, бүгінгі таңда аталмыш акция аясында 120 отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Игілікті шара әр жұма сайын жалғаспақ.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.