«АЙМАҚ ДАМУЫНЫҢ ЖАҢА МҮМКІНШІЛІГІ МОЛ»

Өткен жұмада Жезқазған қаласының əкімдігінде Қарағанды облысы əкімінің орынбасары Ғабит Мұхамбетовтың төрағалығымен облыстық департамент басшылары мен өкілдері, Жезқазған, Сəтбаев қалалары мен Ұлытау ауданы əкімдерінің қатысуымен жиын өтті. Алқалы жиында бас қосқандар «Қарағанды облысының Жезқазған, Сəтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын əлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2017 жылдарға арналған» кешенді жоспарының жүзеге асырылу жайын талқылады.

Жезқазған қаласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысы жайлы Жезқазған қаласының əкімі Бауыржан Шыңғысов баяндады.

– Кешенді жоспарда жүзеге асыруды қажет ететін 30 іс-шара қарастырылған. Жоспардың жалпы құны 128 млрд.теңгені құрайды. Биылғы жылға жоспарланған жұмыстарды жүзеге асыруға 18 млрд.теңге бөлінген. Оның ішінде минералдық шикізат көздеріне геологиялық барлау жұмыстарына 3 млн.теңге, жылу-электр орталығын жөндеу мен жылу қазандықтарын жаңартуға 6 млрд.теңге қарасты рылған. Үйтас-Айдос су қоймасы ның құбырларын жаңартуға, Қожамсейіт су көзінен құбыр тартуға байқау жарияланды. Сондайақ, Қызылорда-Жезқазған бағытындағы тас жолдың техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалуда, – деді Б.Шыңғысов.

Өз кезегінде Бауыржан Қабденұлы Жезқазған, Сəтбаев қалалары мен Ұлытау ауданы бойынша еркін экономикалық аймақ құруды ұсынды. Мұндағы басты мақсат – аймақтағы өндіріс орындарын кеңейту, кəсіпкерліктің тынысын аша түсу, инвесторлар тарту.

Бұдан кейін, Сəтбаев қаласының əкімі Батырлан Ахметов сөз алып, кеншілер шаһары бойынша кешенді жоспар аясында қолға алынған шаруалардың жағдайымен таныстырды. – Кешенді жоспардың 5 бағыты Сəтбаев қаласын қамтиды. Біздің басты бағыттарымыз – кəсіпкерлік саласын дамыту, жылумен қамтамасыз ету, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын модернизациялау. Кəсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша қалада қазіргі таңда жобалар ойдағыдай жүзеге асырылуда. Атап айтар болсақ, қала халқының басты сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында жеке кəсіпкер Керімқұловтың жылыжайы өз ісін бастаса, Гелисхановтың қосалқы бөлшектерді шығаратын цехының жұмысын бастауға қаржыландыру қарастырылуда.

Кешенді жоспар аясында жүзеге асыруды көздеп отырғандардың қатарында 66-68 ықшам аудандарға кəріздік құбыр желілерін тарту да бар. Жылумен қамтамасыз ету, тұрғын үй коммуналдық шарушылығын модернизациялау саясаты бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылдың еншісінде №1 жылу беру станциясын күрделі жөндеуден өткізу бар. Ал, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын модернизациялауға келер болсақ, жоба былтырғы жылдың өзінде жақсы нəтижесін беріп, 5 үй жаңа келбетке ие болды. Биыл да жоба жалғасын таппақ. Бұл жұмыстар қазіргі уақытта бір жүйеге қойылған, – деді қала əкімі Б.Ахметов.

Кешенді жоспардағы Ұлытау ауданын дамытудың басты бағыты – туризм саласы болып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстардың сарынын аудан əкімі Əнуар Омаров ортаға салды.

– Ұлытаудың өзінде қазіргі күні қонақүй бой көтеріп, демалыс орындары салынуда. Жезді кентіндегі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу мəселесі қаралауда. Кентте 38 бос үй болса, бос тұрғанымен, əрқайсының иелері бар. Жалпы алғанда, кентте тұрғын үй кезегінде тұру мəселесі жоқ. Сондықтан да, бұл бағыттағы жұмыстар əлі де пысықтауды қажет етеді, – деді аудан əкімі Ə.Омаров.

Облыс əкімінің орынбасары Ғабит Мұхамбетов қала əкімдері мен аудан əкімінің баяндамаларынан соң, кешенді жоспарға қатысы бар «Қазақмыс» корпорациясының өкілдерінің, облыстық департамент басшылары мен қызметкерлерінің есебін тыңдады.

Биылғы жылы Қызылорда-Жезқазған бағытындағы тас жолдың құрылысы басталмақ. Тас жолдың құрылысына 130 млн.теңге бөлініп, құжаттары рəсімделген. Мамыр айының 30-нда байқау өткізіліп, жолдың құрылысын жүргізетін мердігер компания анықталмақ. Ал, Ұлытау-Арқалық тас жолының құрылысын жүргізу 2014 жылға қарастырылып отыр.

Жиын соңында Ғабит Мұхамбетұлы қос қаладағы бала-бақшалардың басым көпшілігі «Қазақмыс» корпорациясының меншігінде екендігін айта келе, олардың алдағы мезетте нысаналы мақсаттарының өзгеріп кетпеуіне қадағалау жасау керектігін баса айтты. Егер, корпорация нысандарды жергілікті билікке тапсыратын жағдай болса, құлдыратпай ұстаудың маңызды екенін ескертті.

Мемлекет тарапынан қолдау болғанымен, жергілікті жерлердегі кейбір механизмдердің жұмысты кешеуілдетуі де сынға алынды.

– Бұл кешенді жоспардың аймақты дамытудағы мүмкіндігі зор. Жезқазған аймағын дамытудың жаңа бір ілкімді жобасы қолға алынды. Алдағы уақытта қуатты темір жол желісі салынып, оның айналасында станциялар мен разъездер, кенттер бой көтермек. Сондықтан алға қойған мақсатқа жету үшін уақытпен санаса жұмыс жасауға мүдделіміз, – деп қорытындылады жиынды облыс əкімінің орынбасары Ғабит Мұхамбетов.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.