COVID-19: Бір ай һәм бір апта

Төрткүл дүниені бір тарының қауызына сыйдырған «Тәжтажал» күллі әлемді бір тәртіпке бағынуға мәжбүр етті. Жаһанды жайлаған дерттен жан сақтауға жұмыла кіріскен ел бірі ерте, бірі кеш етек-жеңін жинап, есік-терезелерін тастүйін бекітті. Соған қарамастан, әлемде екі жарым миллионға жуық адам індеттің ілмегіне ілініп, 165 238 адам көз жұмды…

Қазақстанның да қазіргі жағдайы мәз емес. 22 сәуірдегі ақпарат бойынша елімізде коронавирус жұқтырғандардың саны 2047 адамға жетті. Оның төрт жүзден астамы сауығып шықса, 19 адам қайтыс болды. Әрине, бұл ойландыратын жағдай. Бұған дейін бозда ойнап келдік. Енді есімізді жиғанымыз дұрыс. Індет шыққан, оған шалдыққан іргелес елдердің жіберген қателігінен сабақ алып, тәжірибесін қолданбасақ, қапы қаларымыз анық.

Індет неге тез тарады?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 11 наурызда Covid-19 індетінің әлемдік пандемия деңгейіне жеткендігін жариялап, ұйым басшысы Тедрос Аданом Гебреисус әлем халқын жұдырықтай жұмылып оның алдын алуға шақырды. Дегенмен, жұртшылық бұған жүрдім-бардым қарады. Соның салдарынан қысқа ғана уақыт ішінде індет тез өршіді.
Мамандардың пайымдауынша, індеттің тез таралуының бірнеше факторы да болған. Соның біріншісі, індет ошағы болған Қытайдың нақты жағдайды дер кезінде жарияламай, жасыруы қатерлі дерттің бүкіл Қытайға, одан соң бұл дүние жүзіне таралуына себеп болды. Екіншіден, әлем халқының бейқамдығы, әсіресе, Covid-19 вирусы жайлы танымның төмендігі, дер кезінде сақтық шараларын қолданбауы «Тәжтажалдың» өрттей лаулап тез өршуіне себеп болды.

Аурудың бетін қайтсек қайтарамыз?

Бұл жерде бізге іргелес жатқан Аспан асты елінің тәжірибесі сабақ болары анық. Олар үш айдың ішінде керемет ұйымшылдық пен болаттай тәртіп, қатал заңның арқасында жалпақ елге тарап кеткен індетті тоқтатты. Барлық өлке, қала, аудандарда жүріс-тұрысқа шектеу қойылып, індеттің алдын алуға атсалысатын адамдардан басқа бүкіл халықтың үйден шығуына тыйым салды. Тұрғындардың сыртқа шығып кетуінің алдын алу үшін есіктерін таспен бастырып, темірмен құрсаулап тастаған жағдай да болды. Тәртіпке бағынбағандар қатаң жазаланды. Бүкіл халық тұмылдырық тағуға міндеттеліп, оны тақпай сыртқа шыққандарға қатаң ескерту жасалды, шара қолданылды. Ауруын жасырғандарды, әдейі елге жұқтырғандарды, індет жұқтырып алған соң кіммен байланыста болғанын жасырғандарды қатаң жазалау, тіпті өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылды.
Дәл қазір бізге осындай қатаң шаралар қажет болып тұр. Біз әлі індеттен келер кесірді толық сезінбей жүрміз. Тіпті, сезінгісі келмейтіндер де бар. Сақтық шараларын саясатпен сабақтастырғысы келетіндер де жоқ емес. Дәл қазір әр нәрседен астар іздейтін кез емес. Дәл қазір біз халықтың, елдің амандығын бірінші кезекке қоюымыз керек. Айтылып жатқан талаптарды қатаң орындауымыз қажет. Өзіміз үшін, өзіміздің балаларымыз, жақындарымыз үшін.

Біздегі ахуал қандай?

Еліміздің барлық аймағындағы сияқты Сәтбаев қаласы да наурыз айының 16-сынан бастап төтенше жағдай жариялады. Шаһарда сақтық шаралары қызу қолға алынды. Туберкулезге қарсы диспансерде 80 орындық, орталық аурухананың инфекция бөлімінде 30 орындық провизорлық бөлімше жабдықталып, олар қажетті құрал-жабдықтармен толық жарақтандырылды.
Төтенше жағдай жарияланған алғашқы күннен соң қаладағы 16 саябақтар мен скверлерге, 90 балалар алаңына, 53 аялдамаға дезинфекциялық шаралар жүргізіліп, залалсыздандырылды.
Қаланың үш колледжіндегі 869 студент мен барлық мектептердегі 11254 оқушы қашықтықтан білім алу жүйесіне көшірілді. Азық-түлік дүкендерінен басқа 689 сауда орындары мен өзге де халыққа қызмет көрсету нысандары өз жұмыстарын уақытша тоқтатты. Олардың қатарында 16 балабақша бар.

Тәртіп бұзу тыйылмады

Індеттен сақтандыру және оның алдын алу мақсатында алғашқы бір айда аз жұмыстар атқарылған жоқ. Төтенше жағдай талаптарына сәйкес көшеде бейсауат жүрмеу, тұмылдырық киіп жүру, тазалық шараларын қатаң сақтау, санитарлық талаптарды орындау жөнінде мекемелерге жадынамалар таратылып, мекеме басшылары мен ондағы жұмысшы, қызметкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Десек те, осы айтылған қағидаларды орындамау, санитарлық талаптарды бұзу фактілері тиылмады. Оған рейдтер мен тексерістер айқын айғақ. Құрамында порокуратура, полиция, әкімшілік қызметкерлері мен медицина мамандары бар бірлескен топ сауда орындары мен көпшілік жүретін жерлерді күн сайын бақылап, рейд жүргізіп отырды. Соның нәтижесінде 16 тәртіп бұзу фактісі тіркелді. Оның 12-сіне 10 АЕК көлемінде айыппұл салынса, 3-еуіне 3 және 5 күннен қамауға алу үкімі шығарылды. Тәртіп бұзғандардың 11-і жеке кәсіп нысандары болса, біреуі кәсіпорын.

Қалаға келушілер қатаң бақылауда

Қала ішіндегі тәртіп өз алдына, қалаға сырттан келгендерге бақылау күшейтілді. Ол үшін Жезқазған қаласындағы темір жол вокзалы мен әуежайда арнайы жасақталған бригадалар жұмыс істеп, сырттан келгендерді тексеріп, арнайы бақылауға алды. Осы бір айдың ішінде 80 адам карантинде болып, оның 71-і қалыпты ортаға шығарылды. Бұл азаматтар негізінен қаламызға Мәскеуден, Оңтүстік Кореядан, Екатеринбургтен келген студенттер, туристер және кәсіпкерлер. Бұлардың қатарында еліміздің өзге аймақтарында вахталық әдіспен жұмыс істеп жатқандар да бар.

Жалпы, бір айдың ішінде қаламызға 450-ден астам адам темір жол, автобус және әуе қатынастары арқылы келді. Олардың бәрі тексеріліп, үйде, провизорлық орталықта арнайы бақылдауда болды. Келген азаматтардың ешқайсынан коронавирус анықталған жоқ.

Сонымен, елде төтенше жағдай жарияланғанына бір ай һәм бір апта өтті. Барлық аймақтардағыдай Сәтбаев қаласы да сақтық шараларын барынша жасап бағуда. Соның арқасында қаламызда індеттің ізі байқалмайды. Оның бетін ары қылсын. Десек те, бұл іске әлі де болса жауапкершілікпен қарауымыз керек. Сақтық шаралары еріккеннен жасалып жатпағанын түсінгеніміз жөн. Қытаймен іргелес жатқан Моңғолия халқы әлемде бірінші болып оқшаулануды бастады. «Моңғол – моңғолға туыс» деген рухани ұранға халық иланды және қатаң тәртіпке бағынды. Соның арқасында бұл ел жұқпалы дертті аманесен еңсеріп келе жатыр. Ал, қазақтың қарға тамырлы халық екенін айтып жатудың өзі артық шығар…

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Комментарии закрыты.