Әр өңірдің өз жеті қыры бар

Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялағаннан бері көптеген жұмыстар қолға алынып, рухымыз жаңғырып, санамыз сілкініп қалды. Ал, араға бірер жыл салып Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялады.

«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының заңды жалғасы ретінде қарастырылған жаңа мақалада ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ету, оны жаңғыр-ту турасында айтылған. «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі», – дейді Елбасы өз мақаласында.
Ұлтымызды ерекшелеп тұратын, мақтаныш ететін өз сипаты, мәдениеті бар. Қазақтың кең жазирасының «Ұлы дала» деп аталуында үлкен мән жатыр. Атқа міну мәдениетінің басталуы, тау-кен өндірісі ошақтарының пайда болуы, аңшылық өнері, Алтын адамның табылуы, түркі әлемінің бесігі атануы, ең алғашқы алма жемісі мен қызғалдақтың тамыр жаюы, Батыс пен Шығысты экономикалық, мәдени тұрғыдан байланыстырған көпірге айналуы – ұлан ғайыр даланың «Ұлы» деген атты иеленуіне дәлел.

Президент «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында осы мәселені алға қойып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелеуге тарихшы ғалымдар, музей, архив салалары жұмылдырылады. Мақалада айтылғандай, «Архив-2025», «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» жобалары қолға алынбақ. «Архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру қажет», – деп жазған Тұңғыш Президент.
Ұлы даланың ұлы тұлғаларын насихаттауды да ұмыт қалдырмауға тиіс екенімізді атап өтті Елбасы мақаласында. Сондай-ақ, «Дала фольклорының антологиясын» жасауды да ұсынып отыр. «Мұнда Ұлы дала мұрагерлерінің өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері – ертегілері, аңыз-әфсаналары, қиссалары мен эпостары жинақталады», – деді Н.Назарбаев.

Қысқасы, Тұңғыш Президент айтты, бағдар берді, бағыт сілтеді. Енді оны іліп әкету, іске асыру бізге сын. Бұл істі әркім өз жерінде, өз өңірінде қолға алуы керек. Өйткені, әр өңірде ұлы даланың жеті қыры жатыр. Алысқа бармай-ақ, біздің кеншілер шаһарының өзі тұнған тарих. Осы өлкеде жатыр алғашқы кен өндіру тарихы. Көне кеніштер, кен балқытқан пештер өлкені шарлаған жанға табылары сөзсіз. Тауып та жатыр. Тек соны елдің қолы жететіндей етіп цифрлық форматқа көшіріп, жарнамалау қажет. Бұған бүгінде төселіп қалдық. Қазіргі қашықтықтан оқыту оқушыны да, әрбір ата-ананы да компьютермен жұмыс істеуге, ақпарат іздеуге үйретті. Тек ел іздеген нәрселер, аңыз әңгіме, ертегілер, ел, жер тарихы сол ғаламтордан қиналтпай табылса нұр үстіне нұр болар еді.

Екінші бір айта кететін жайт, Сәтбаев қаласының төңірегі қыз-
ғалдақтар мекені. Рас, күтімнің жоқтығынан, кім көрінгеннің жұлып, босқа рәсуә етуінен сиреп келе жатқанын жасыруға болмайды. Сондықтан, бұл іске де иешілік жасау қажет сияқты. Қызғалдақтарды босқа жұлғаннан мектеп оқушыларын, бала бақша тәрбиеленушілерін сол аймақтарға апарып, қызғалдақ туралы, оның тарихы жайлы танымдық сағаттар өткізсе анағұрлым тиімді болар ма еді. Қызғалдақты алқаптарды қамқорлыққа алса да артықтық етпейтіні анық. Осындай істерді қолға алсақ рухани жағымыздан жаңғырып қана қоймай, ұлы даланың сол құндылықтарын сақтауға да септігіміз тиер еді.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Комментарии закрыты.