Ораза қабыл болсын, ұстаған жан!

Мұсылман қауымы үшін жылдың ең қасиетті әрі ерекше айы – Рамазан айы да келіп жетті. Бұл айда ақыл-есі дұрыс, денсаулығы жақсы, балиғатқа толған әр мұсылман баласы жан мен тән тазалығы үшін ораза ұстап, жаман істерден тыйылуы қажет. Міне, осы қасиетті ай биыл елімізде төтенше жағдай кезеңінде өтіп жатыр. Қаламыздағы Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы мешіттің бас имамы Қоңдыбай қажы Серікбайұлымен болған әңгіме осы жағдайға байланысты өрбіді.

– Қажеке, жаһанды жайлаған «тәжтажал» төңірегінде қазiр әртүрлi әңгiме айтылуда. Оны дінмен байланыстыратындар да жоқ емес. Бұл Алланың жіберген сынағы, тіпті ескертуі деп те жатыр. Мұның қаншалықты қисыны бар?

– Әрбір нәрсе Алланың бұйрығымен болады. Ауруды да Алла жібереді. Оған шипаны де Алла береді. Сондықтан да, әркез Құдайды ұмытпай, тек қана Құдайға сыйынып, оған құлшылық етуiмiз керек. Өкінішке орай, біз тек басымызға қиындық түскенде ғана Алланы аузымызға аламыз. Қазіргі болып жатқан жағдай да Алланың пәрменімен болып жатқан іс. Өйткені, адамзат баласы азғынданып барады. Бiздiң заманымызда құпталмаған әрекеттер көбеюде. Парақорлық, ұрлық, тағы да басқа қылмыстар белең алуда. Сонымен қатар, әлемде зинақорлық көптеп орын алуда. Ол – Исламда құпталмайтын, тыйым салынған өте үлкен ауыр күнә. Тiптi, Исламның ғана емес, адамның табиғатына қайшы бiржынысты некеге де кейбiр елдерде заңды түрде жол берiлдi. Бұл ендi шектен шығу.

Алла Тағала сынақ жiберу арқылы адамзатқа ақиқат құндылықтарын естерiне салады. Болмашы ғана көзге көрiнбейтiн вирус барлығын тоқтатып, бүкiл әлемдi жайлап, бәрiн бiр сәтте үйiне қамады, үрей мен қорқыныш тудырып, адамдардың өмiрiн жалмады. Тiптi, мешiттер жұмысын тоқтатып, жамағатпен бiрге намаз оқи алмайтын жағдайда отырмыз. Осының барлығын Алладан келген ескерту деп түсiнген жөн.

– Қазіргідей ел басына күн туған шақта содан пайда тап-
қысы келетіндер де жоқ емес. Байқасаңыз, дүкендерде, өзге де сауда орындарында баға басқа шауып, төске өрлеп тұр. Мұндай әрекеттерге шариғат не дейді?

– Дiнiмiзде бұлай ақша табуға түбегейлi тыйым салынған және де ол – қылмыс. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемi болсын) қиын кезеңде елге қажеттi тауардың бәрiн өзiне алып алып, өзiнiң жеке басының пайдасы үшiн қымбатқа сатқан жан жазаланады деп айтқан. Бiз өмiрде жиi куә болатын жағдайдың бiрi – ауылдықтар сүт пен қаймақ, май, құрт сияқты сүт өнiмдерiн базарға әкелген бойда оны алыпсатарлар арзан бағаға алып, екi-үш есеге қымбатқа сатып жатады. Осындай жолмен байып кетудi ойлайды. Бұл да шариғатта тыйым салынған. Себебi, алыпсатардың бұл өнiмдердi өндiруде ешқандай да үлесi жоқ. Екiншiден, шаруа адамының еңбегiн жоққа шығарып, оның өнiмi құнсыз болып, тек алыпсатарға ғана табыс әкеледi. Сондықтан қазiргi пандемия – бiр-бiрiмiзге қолдау бiлдiрiп, көмектесiп, әрдайым ауызбiршiлiкте болатын сынақ кезеңi. Қазiр бiр-бiрiмiздi тонап, бiр-бiрiмiзге зиянымыз тимеуi керек. Оның орнына игi iстер жасасақ, бiзге де игiлiк боп қайтар едi.

– Енді оразаға оралайық. Биылғыдай күрделі уақытта оразада жасалған жеңілдіктер бар ма? Өзге жылдан өзгешелігі неде болмақ?

– Ең басты ерекшелік десем болады, биыл тарауық намазын жұрт мешітте, жамағатпен емес, әркім өз үйінде, өз шаңырағында оқитын болды. Ауызашар да солай. Ал енді ораза тұтуға қатысты мынау дейтіндей өзгеріс, жеңілдік жоқ. Бәрі қалпынша. Дiнiмiзде жолаушыға елiне жеткенше, науқасқа сырқатынан жазылғанша, жүктi немесе емiзулi баласы бар әйелге босанып және баласын омыраудан ажыратқанша ораза ұстамау рұқсат етiлген. Сол секiлдi карантин уақытында жұқпалы дертке шалдыққан адам ораза тұтса әлсiреп, иммунитетi төмендеп, жұқпалы дертi асқыну қаупi байқалатын болса, оған уақытша ауыз бекiтпеуге болады. Балиғат жасына жетпеген балаларға ораза мiндеттi емес. Сонымен бiрге, ораза ұстауға шамасы келмейтiн денсаулығы нашар қарт кiсiлерге, созылмалы ауруға душар болғандарға да оразаны ұстамауына рұқсат.
Алайда, олар оразаның ақысын өтеуi үшiн 30 күн бойы бiр мiскiндi тамақтандыруы немесе сол көлемдегi ақшасын беруi керек. Бұл өтемдi исламда «фидия» деп атайды. Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасы биылғы жылға кiсiнiң бiр күндiк тағамының ең төменгi бағасын шығара отырып фидия мөлшерiн 1700 теңге деп бекiттi. Осыны отызға көбейтiп төлесе, оразасының ақысы өтелген болады.

– Әлгінде ауызашар туралы айтып қалдыңыз. Бұған дейін мешіттерде ауызашар ұйымдастырылып, дастархан жайылып, жоқ-жітіктерге тегін тамақ берілетін. Төтенше жағдайға байланысты осы шаралар тоқтатылды ма?

– Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. «кiмде-кiм ораза ұстаған кiсiге ауыз аштырар болса, ораза ұстағандай сауап алады. Бiрақ, ораза ұстағанның сауабы кемiмейдi» деген.

Ауызашар дастарханын жаю ол бiздiң дiнiмiз, бiздiң дәстүрiмiз, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрлi дастарханымыз. Осы дәстүрдi бiз төтенше жағдайға дейiн жыл сайын мешiттердiң жанында, мейрамханалар мен үйде ұйымдастыратынбыз. Бiрақ, биылғы жылғы талаптар бұлардың бiреуiне де мүмкiндiк бермей отыр. Сондықтан, бiз қазiр ауыз бекiткен барша адамға ауызашар тек үйде жасауға кеңес беремiз. Алайда, сауаптан құр қалғысы келмеген қайырымды жандар бiзде өте көп. Ол азаматтар төтенше жағдайдың талаптары шеңберiнде арнайы тапсырыс беру арқылы қалаған кісілердің үйлерiне ауызашар дәмін жеткiзiп беру қызметiне жүгiне алады.

– Соңғы сауал. Пітірді қалай береміз?

– Бұл мәселе де оң шешімін тауып отыр. Қазіргі таңда жұртшылық пітір садақаны еліміздегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы онлайн бере алады. Облыстық мешіт үшін «Каспи», ал аудан-қалалардағы мешіттерге «Халық банкі» мобильді қосымшалары арқылы аударуға болады. Бұл қосымшалар зекет, басқа да қайырымдылық мақсаттағы садақаларды қабылдай береді.

Ал ондай мүмкіндігі жоқтар мешіттерімізге келіп, осындағы жәшікке салуға не болмаса, қаламыздағы ірі сауда орындарына қойылған жәшікке салуларына болады.

Айрықша айта кетер жайт, пітір садақа дұғасы да онлайн беріледі. Инстаграм желісінен Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы мешіт парақшасында күнделікті сағат 15.00-де Құран хатым оқылады, соңынан сол күнгі пітір садақа берушілерге біржола бата жасалады, Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде әр 15 минут сайын пітір садақа дұғасы оқылып тұратын болады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Комментарии закрыты.