Режимді бұзғандар жауапқа тартылуда

Індетке қатысты ахуалдың ушығуына байланысты елімізде карантин режимі күшейтілгені мәлім. Өңірлерде блок-бекеттер қойылып, рұқсатнамасыз көліктің кіріп-шығуына тыйым салынды. Қоғамдық көліктер тоқтатылып, үйден себепсіз шығуға шектеу қойылды. Бұл – коронавирус індетінің таралмауына тосқауыл қоюдың жаңа тәртібі. Осы орайда шаһардағы ахуал қандай, құқықбұзушылықтың алдын алу қалай жүргізілуде деген сыңайдағы сауалдар туындайды.

Бүгінде қаладан өзге елді-мекендерге шығатын жолдарға блок-посттар қойылған. Тәртіп сақшылары барлық 3 бекетті қатаң бақылауға алып, тәулік бойы қадағалауда. Ал қала ішіндегі қадағалау да күшейтілген режимде жұмыс жүргізуде. Барлығы 65 қызметкер шаһар ішіндегі тәртіпті сақтауға жұмылдырылған. Осы уақыт аралығында карантиндік режимді бұзғандар анықталды. Тәртіпке бағынбаған тұрғындарға қатысты тиісті шаралар қолданылған.

– Төтенше жағдайға байланысты полиция қызметкерлері өз жұмысын күшейтті. Күні бүгінге дейін карантиндік режимді бұзған 55 жайт тіркеліп отыр. Оның 53-і сотқа жолданды. 13 азамат соттан ескерту алса, 25 тұрғынға айыппұл салынды. 15 адам әкімшілік қамауға алынды. 8 автокөлік айыппұл тұрағына қойылды, – дейді Сәтбаев қалалық полиция бөлімі басшысының міндетін атқарушы Марғұлан Әубәкіров.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.