БЛОК-БЕКЕТТЕГІ БІР СӘТ

Коронавирустың таралуына жол бермеу үшін кеншілер шаһарының аумағында екі ірі, бір шағын шектеу блок-бекеттері ұйымдастырылды. Оған дәрiгерлер, полиция қызметкерлерi тартылған болатын. Қазiргiдей сын сағатта төтенше жағдай тәртiбiн қатаң қадағалау оңай жұмыс емес. Ол үшiн көлiктi тоқтатып, жүргiзушiлер мен жолаушылардың қызуларын тексеріп, құжаттарының сәйкестігін қарау керек…

Аптаның басында біз Сәтбаев-Жезқазған бағытындағы жолда орналасқан шектеу блок-бекетінде болып, оның бір сәттік жұмысымен танысып қайтқан едік. Бізді Сәтбаев қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Гаухар Жалмурзина бастап алып барды.

– Қазiргi жағдайға байланысты қала шетіндегі блок-бекеттерде жүрген медицина мен полиция қызметкерлерінің еңбегін ерлік деп бағалауға болады. Өз бастарын қатерге тіге отырып, қалалықтардың саулығы үшін қатерлі дертке қарсы күрес жүргізіп жатыр, – дейді Гаухар Шәріпқызы блок-бекеттердің жұмысымен қысқаша таныстыра келіп.

Біз блок-бекетке келгенімізде мұнда қарбалас жұмыс жүріп жатыр екен. Сәтбаев қаласынан Жезқазған қаласын бетке алған көліктерді жезқазғандықтар қарап, тексеріп жатса, кеншілер қаласына келе жатқан көліктерді біздің қырағы қыздарымыз бен жігіттеріміз жіті бақылауда. Жүргізушілер де бұл тәртіпке төселіп қалған сыңайлы. Кезектерін сабырмен күтіп, тексеруден өтіп жатыр. Біз блок-бекетте тұрған медицина және полиция қызметкерлерін әңгімеге тарттық.

Қаракөз РАХИМОВА, қалалық емхананың фельдшері: «Байбалам басылды»

– Менiң осы блок-бекетте тұрғаныма айға жуықтап қалды. Ең алғаш 7 сәуірде бастап едім кезекшілікті. Кезекпен екі адамнан ауысып тұрамыз. Көлік қатынасы көп болған күндері үш маман шығады. Ал, түнгі аусымда 2 медицина қызметкері кезекшілікте болады. Бiздiң басты мiндетiмiз – қалаға кiретiн көлiк жүргiзушiлерi мен жолаушылардың дене қызуларын өлшеп, өзгерiстер болған жағдайда тиiстi шаралар қолдану. Алғашқы кездердегідей емес, қазір байбалам басылды. Осыдан жарты айдай бұрын бұл маң көлік кептелісі сияқты еді. Кейін тәртіп күшейтіліп, қатынас тек арнайы құжаттары бар көліктерге ғана рұқсат етілген күннен бастап көлік ағыны азайды.

Негiзiнде қалаға азық-түлiк таситын және құрылыс, сонымен қатар күнделiктi тiршiлiкке қажеттi заттар тасымалдайтын көлiктердiң, өндірісте ауысыммен жұмыс істейтіндерді тасымалдайтын автобустардың, арнайы рұқсаты бар такси қызметі мен жеке көліктердің ғана өтуiне рұқсат етiлген. Сондай-ақ, сырттан, өзге аймақтар мен өзге елдерден келген көліктер мен жолаушыларды тексеру күшейтілген. Мысалы, бүгін қаламызға Мәскеуден 4 студент келді. Біз оларды өздерінің тұрғылықты жерлері бойынша дәрігердің бақылауына жібердік. Олар 15 күн бойы үйде бақылауда ұсталады.

Өздерiңiз бiлесiздер, қазiр төтенше жағдай мерзiмi тағы ұзартылды.

Алайда, аздаған жеңілдіктер жасалып жатыр. Десек те, блок-бекеттер жұмысы сол қатаң режим күйінде қалуда. Қазір қаншама түсiндiру жұмыстары жүргiзiлгенiмен, тыңдағылары келмейтіндер де болып қалады. Қалада туысқаным бар еді, соған баруым керек деп келетіндер де бар. Біз оларға төтенше жағдайдың талаптары мен тәртібін түсіндіріп, кері қайтарып жатамыз.

Азамат АБДИКАРИМОВ, Сәтбаев қаласы полиция бөлімі патрульдік полиция взводының аға инспекторы: Басты ем – тәртіпке бағыну

– Бұл аурудан тезiрек арыламыз десек, төтенше жағдайдағы тәртiпке бағыну керек. Жұмысқа келе жатып көшеде бей-берекет жүрген тұрғындарды көргенде, мемлекетiмiздiң қазiргi тығырықтан шығар жол iздеп, түрлi әлеуметтiк шараларды қолға алып жатқаны халықтың амандығы үшiн емес пе, соны неге түсiнбеймiз деп айтқым келедi.

Шектеу бекетiнде де түрлi жағдайлар орын алып жатады. Бiреу оларды әдейi тежеп отырғандай, әкiмдiк, полиция қызметкерлерiнiң сөзiне құлақ асқысы келмей жататындар да болды. Дене қызуларын өлшеткiсi келмейтiндер де кездестi. Бiрақ, тәртiптiң аты – тәртiп. Бекетте тұрғалы берi көзiм жеткенi бiз әлi бұл аурудың қауiптi екендiгiн ескермей отырмыз. Бұл – өте қауiптi, тез жұғатын жұқпалы ауру. Сондықтан, белгiленген уақыт аралығында үйден шықпай, үйде отырайық.

Ал, енді блок-бекеттегі жұмысқа келсек, мұнда жұмыс жүйелі жүруде. Алғашқы кездегідей емес, ел түсіністікпен қарайтын болды. Бекеттен арнайы рұқсат қағазы бар көліктер ғана жүретін болғандықтан, жұмыс жеңілдеп қалды. Бұрынғыдай кептеліс, ұзын-сонар кезек жоқ. Жұмысқа баратын және жұмыстан қайтатын кездерде ғана көлік ағыны молаяды. Қазір күн жылынып, саяжайларға баратын адамдар қатары көбейді. Соған сәйкес біз күшейтілген режимге көштік.

Жұмыс бабында әртүрлі жағдайдар болып жатады ғой. Туыстарына барғысы келетіндер де болады. Рұқсаты жоқ болса біз оларды кері қайтарамыз. Ал енді басбұзарлыққа баратындай жағдайлар орын алып жатса оларды бұғаулайтын арнайы топ бар. Полиция бөлімінде. Біз соларды шақыртамыз. Олар әкімшілік шара қолданады. Әзірге дәл соған апаратындай әрекеттер болған жоқ.

Көліктердің, оның ішінде жұмыскерлер тасымалдайтын автобустарда рұқсат қағазбен қатар оның санитарлық жағдайы жайлы да анықтамасы болуы керек. Яғни, автобустар жұмыскерлерге барар кезде антисептиктермен залалсыздандырылуы қажет. Мұны да біз қатаң қадағалап отырамыз.

Бекетте болып қайтқан
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
Суреттерде: блок-бекеттегі жұмыстар.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.