Бригадирлер кеңесінің берері мол

Өндіріс алаңдарында орын алған маңызды мәселелерді, өндірісшілерді алаңдатқан жайттарды, өтініш, шағымдарды уақытында жоғарғы жаққа жеткізіп отыратын «Бригадирлер кеңесі» «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-да өз жұмысын бастап кетті.

Қазақстан Республикасының заңдары мен еңбек кодексінің барлық шектерін сақтай отырып, жұмысшылардың мүддесін қорғау үшін, күрделі және зиянды еңбек жағдайындағы адамдарға көмектесу мақсатындағы «Бригадирлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің негізі осылайша қаланды.

Аталмыш бірлестік кәсіподақтар тарапынан жүргізілетін барлық жұмысқа араласып, іс-шараларды бірлесе ұйымдастырады. «Бригадирлер кеңесінің» кеніштердегі құрамы жасақталып, жоспар бойынша іске кірісеміз. Қайырымдылық шараларынан да қалыс қалмаймыз. «Өз ісінің үздігі» байқауларын тұрақты түрде ұйымдастырып, еңбек бәсекесінің артып, өндірісшілердің ынта-жігерінің оянуына атсалысамыз. Озат өндірісшілерге қолдау көрсетеміз. Еңбек жарыстарының жұмыс сапасының жақсаруына, жұмысшыларды ынталандыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға қосар үлесі ұшан-теңіз. Еңбекті ұйымдастырудың ең ұтымды жағы ұжымдағы береке-бірлікте. Сондықтан, біз кеншілердің әлеуметтік жағдайына жете назар аударамыз. Түрлі шараларды ұйымдастыру барысында жастардың қызығушылығын арттырып, алға жетелеу басты қағида.

Біз жұмыс беруші мен жұмысшы арасын жалғастырушы көпір іспеттіміз. Бір-бірімен байланысын нығайта түсуге атсалысамыз. Кеңесші органның отырысында келіп түскен өтініштер қаралып, тиісті шешім қабылданады. Барлық қажеттіліктің соңы қаржыға келіп тірелетіндіктен, материалдық көмекке мұқтаж жандардың мәселесін тез арада шешуге тырысамыз.

Біздің негізгі мақсатымыз –қаржылай көмек беру емес, моральдық-психологиялық қолдау таныту, мұң-мұқтажын тыңдау. Сондықтан, еңбек адамдарының моральдық-психологиялық жағдайына да мән беріп, көкейтесті мәселелердің шешімін тауып, жылдам көмек беруге тырысамыз. Жеке бастың ғана емес қоғамдық, ұжымдық мәселелерді көтереміз. Не ұнайды, не ұнамайды? Ұсыныс-пікірге құлақ түреміз. Ортаға салып, жоғарыға жеткіземіз. Бүгінгі күні біздің тарапымыздан өндірісшілер спорт залдарына, бассейнге тегін барады. Демалыс уақытын пайдалы өткізуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар, Бубновскийдің орталығында тегін ем ала алады.

Алдағы уақытта осы кеңестің төрағасы ретінде «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-да еңбек ететін барлық өндірісшілердің еңбек жағдайын жақсартуға, жұмыс сапасын көтеруге, жұмысшылардың шағымын қарауға, оларға зиян келтірмеу мәселелерін шешуге, мүддесін қорғауға атсалысатын боламын. Сонымен қатар, өз міндеттерімді адалдықпен, шын ниетіммен орындап, қоғамдық бірлестіктің жүзеге асырған жұмысы туралы жүйелі түрде есеп беріп отырамын. Қиын сәттерде арамыз ажырамай, ел экономикасын өркендетуге бірлесе үлес қосып, болашақ ұрпағымыздың кемел келешегі үшін бірлесе еңбек етуге шақырамын.
Біз біргеміз!

Асылбек ҚОЙЛЫБАЙ,
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Бригадирлер кеңесі» ҚБ төрағасы.

Комментарии закрыты.