ИГІ ІСТІҢ ҰЙТҚЫСЫ

Бұдан екі жарым жыл бұрын есігін айқара ашқан рухани, қоғамдық және ұлтаралық келісім орталығы бүгінде ынтымақ ұясына айналған. Шуақты шаңырақ астына кереге жайып, уық болып шаншылған этно-мәдени бірлестіктер ұлттық құндылыққа құрметпен қарауды, салт-дәстүрді дәріптеуді достық дәнекері деңгейіне көтерген. Кез-келген іс-шарада ұлтаралық келісім кестеленіп, ауызбірлік алтын арқау болып өріледі.

Айым Бегім осы «Достық үйінде» қазақ тілі курсына жетекшілік етеді. Ол, сондай-ақ, «BAQYT UIASY» жобасы аясында атқарылған игі іс-шараға ұйтқы болып жүр. Бүгін соның бірқатарына тоқталсақ…

«Денсаулық» медициналық колледжінде өткен «Қыздар сұлу көрінер қылығымен» атты психологиялық тренинг жиналған жастарды ойландырып, санасында сілкініс тудырды. Өйткені, онда ұлықты ұл, қылықты қыз өсірудің, қысқасы, үлгілі отбасын қалыптастырудың табан тірер тірегі ұлттық тәрбиенің өзегінде жатқаны қарапайым мысалмен дәйектелді. «Отбасы», «отағасы», «отанасы» деген ұғымның астарында жатқан мәйекті мән-мағына айқындалды. Ал, №3 орта мектепте «Ер мен әйелдің қоғамдағы орны» тақырыбы талқыланған тренинг белсенді, ойын бүкпесіз айта алатын, өзіндік пікірі бар лайықты ұрпақ өсіп келе жатқанын көрсетті.

Жастардың отбасылық өмірге деген таным-түсінігін тиянақтау, жұбайлардың жарасымды қарым-қатынасы тақырыбы қаладағы гуманитарлық колледж оқушылары қатысқан «Отбасы құндылықтары» атты тренингте терең талқыланды. Әлеуметтік мәселені қозғайтын бейнекөрініс қатысушыларды қатты толқытты. №1 мектеп-гимназияда әдеп пен инабат, шынайы сыйластық пен қапысыз қамқорлық сезімі әңгіме өзегіне айналған — «Ата-анамен қарым-қатынастың маңызы», Абай атындағы №4 мектеп-лицейде тәлімді тәрбие мен ұлттық салт-дәстүр тақырыбы қозғалған «Әкем — тірегім, анам — жүрегім» атты тренинг те өскелең ұрпаққа өмірлік сабақ болғаны күмәнсіз.

Рухы биік тұлға, тіл жанашыры, үлгілі отбасын насихаттаушы, қоғам қайраткері, «Парасат» және «Құрмет» орденінің иегері Оразкүл Асанғазықызының ел астанасынан арнайы шақырылып, ана мен енеге, қыз-келіншекке арналған «Шаңырағың шайқалмасын» атты тренингке қатысуы кеншілер қаласының тыныс-тіршілігіндегі тамаша оқиға болды. Павлодарлық психолог Наталья Трофимова өткізген «Бақыт нүктесі» атты авторлық семинарда үйлесімді өмір сүру мен ішкі бақыт нүктесін табу төңірегінде тәрбиелік мәні зор келісті әңгіме қозғалды.

Біз Айнаш Бегімнің ұйтқы болуымен көпшіліктің кәдесіне жараған келелі кездесудің бірпарасына ғана тоқталдық. Көтерген тақырыбына қарап, қоғамдағы қандай маңызды мәселені қаузайтынын аңғару қиын емес. Қалалық «AQSHAM» телеарнасында «Жанұядағы жылылық» бағдарламасын жүргізетінін, «Шарайна» газетінде қазақ және орыс тілінде жарияланатын «Бақытты отбасы — бақытты бала» айдарына мұрындық болып жүргенін де айта кетейік. Жастарды қоғам өмірімен таныстыру және бейімдеу мақсатын көздейтін «Қоғамдағы көрініс» атты әлеуметтік тақырыптағы қысқа метражды түсірілімдері тағы бар.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Комментарии закрыты.