Топ ішінен жарып шыққан

Оқушылар сарайы үшін 2011-2012 оқу жылы табысқа толы болды. Соңғы күндердегі тағы бір үлкен жетістікті «Бұлбұлдар» үйірмесінің тəрбиеленушісі Жансая Керменбаева əкелді.

Республикалық «Айгөлек» телевизиялық балалар шығармашылығында Жансая ІІІ дəрежелі дипломның иегері атанып, жерлестерін бір қуантты. Бұған дейін де қалалық, облыстық сайыстардың жүлдегері атанып жүрген Жансаяның аты бүгінде республикаға танылды. Өткен жылы осы жобаға қатысудан басталған Жансаяның іріктеу кезеңінен, 2-ші турдан, жартылай финалдан өткен жолдарын сəтбаевтықтардың көбісі қалт жібермей, қолдап отырды. Бұл үмітті ол ақтады да. Əйгілі əнші Жанар Айжановамен қосылып «Алтын домбыра» əнін орындаған Жансая 5000 талапкердің ішінен жарып шыққан жұлдыз болды. Жас таланттың дарынын дамытып, шығармашылығын шыңдап жүрген жоғарғы санатты музыка маманы, əнші, «Бұлбұлдар» үйірмесінің жетекшісі Айнагүл Күлшикенова. Сəтбаев қаласының Құрметті азаматы, қаланың мəдени өмірінде айтарлықтай үлесі бар Айнагүл Жұмашқызы талай өнерлілерді өрге жүздіріп, қанаттарын қақтырды. Жансаяның осындай нəтижеге жетуіне аянбай еңбек етіп, музыкасын өңдеп, оранжировкасын жазған музыкалық жетекшісі Дəулет Омашевтың атын айтпай кете алмаймыз. Бұл Дəулет Бекзатұлының дайындаған бір ғана жұлдызы емес екенін сəтбаевтықтар жақсы біледі деп ойлаймыз.

М.СМАҒҰЛҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.