Атамның жолы

Соғыс! Жаманат хабар қазақ даласына тез тарады. Тыныштықты қорушылар қолдарына қару алып, майданға аттанды. Ұлы Отан соғысы жылдарының қазақ халқына тарттырған азабы мен шеккізген зардабы аз болған жоқ. Қан майданда толарсақтан саз кешіп, оқ пен оттың, өлім мен өмірдің ортасында біздің бейбіт өміріміз үшін күрес-кен жауынгерлердің арасында үлкен атам Кенжебек Андағұлов та болды.

Ол 1918 жылы Ұлытау ауданының Калинин (қазіргі Қаракеңгір) колхозында қарапайым отбасында дүниеге келді. Жастайынан білім алуды армандаған балғын жүректің қалағаны орындалып, қолына қалам ұстаған екен. Жеті жыл оқып, отбасы жағдайымен ауыр жұмысқа араласады. 1938-39-шы жылдары Жезқазған мыс комбинатында кенші ретінде шыңырауда шыңдалған бозбала көп ұзамай әскер қатарына шақырылады. 1941 жылы неміс басқыншылары тұтқиылдан шабуылдаған кезде Отанын қорғау үшін қан майданға аттанады. Бірінші Беларус шайқасында ерлік көрсеткен атам 1941 жылдың қыркүйек айында жараланып, госпитальға түседі. Жазылып шыққаннан кейін Харьков, Сталинград қалаларын жаудан азат етуге қатысады. Көп ұзамай қосымша полкке ауыстырылады.

Ержүрек қазақ жігіті кіші командирлер мектебіне алынып, артиллерия старшинасы шені беріледі. 1945 жылы туған жерге оралатын шақта шығыстағы Япония-Манчжурия бастаған соғысқа қатысып, Манчжурм, Харбин қалаларын қорғауда «Ерлігі үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталады. Тек 1946 жылы ғана елге оралып, Ақзейнеп әжеммен шаңырақ көтеріп, Ұлытау аудандық тұтынушылар қоғамына қызметке орналасады. Талмай еңбек етіп, жоғарғы жетістігі үшін «Сауда саласының үздігі» атанады. Ол құрметті еңбек демалысына шыққанша қырық жылдан астам талмай еңбек етті. Ауылдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде маңызды мәселелерді шешуге атсалысып, Ұлытау, Жезді өңірінде сауда саласының дамуына зор үлесін қосты.

Соғыс туралы атам «Біз жау шебін қарша бораған оқтың астына аламыз, содан кейін барып танк пен жаяу әскер шабуылға шығады. Қарақтарым, сендерге мұндай күнді көрсетпесін, бетін аулақ қылсын» деп айтып отырады екен. Атам Кенжебек ерлігімен көзге түскен. Соғыста екі рет жаралы болған көрінеді. Екінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені, «Германияны алғаны үшін», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл» медальдары төсінде жарқырап жүреді екен. Тіпті, 1995 жылы Мәскеуде Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай өткен мерекелік кешке арнайы шақыртумен қатысып қайтыпты. Көзі тірісінде жыл сайын 9 Мамыр күні өзге майдангер достарымен бірге орден-медальдарын тағып, шеруге шығады екен. Сол күні үйде марқұм Ақзейнеп әжеміз ас дайындап абыр-сабыр болатындығын үлкендер айтып отырады. Өйткені, үйге ауыл басшылары, ақсақалдар, туған-туыстар жиналып, атамды мейрамымен құттықтайды екен.
Үлкен атам ел арасында сыйлы, қажырлы, ақжүрек адам болған. Оны қазір өзім сарғайған суреттерінен көріп, түр-тұлғасынан танып жүрмін. Марапаттары мен әскери құжаттары да сақтаулы тұр.
Бұл күнде Кенжебек атамның ұл-қыздары кіші аталарым Тасымбек, Махмұт, Талғат, апам Ақбөкеннен тараған 13 немере, 15 шөбере бар. Сексеннің сеңгіріне шығып өмірден озған атамның мәнді де мағыналы өмірі кейінгі жас ұрпаққа үлгі әрі өнеге. Біз де бүгін үлкен атам салған сара жолмен жүріп келеміз. Биікте самғап ұшарымыз анық.

Дәуіржан ТАСЫМБЕК ДӘУРЕНҰЛЫ, шөбересі.

Комментарии закрыты.