Ардагерлер ардақталды

Майдан шебінде жүрген ерлерге көмек көрсету үшін тылда еңбек еткен қыз-келіншектер мен бозбалалардың тартқан азабы, Жеңісті жақындатуға қосқан үлестері аз емес. Сол бір сұрапыл жылдардағы қиыншылыққа мойымай бар қажыр-қайратын, күш-жігерін жұмсаған азаматтар қашан да құрметке лайық. Ұлы Жеңістің мерейтойы қарсаңында «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС ардагерлер кеңесі Сәтбаев филиалының бюро мүшелері қаладағы бірқатар тыл ардагеріне барып, мерейлі мереке алдында құрмет көрсетті.

Кеңес мүшелері қалалық жастар ресурстық орталығының еріктілер тобымен бірге бірнеше күн бойы 30-ға тарта ардагерге құрмет көрсетті. Кеңес төрағасы Абулаис Мулаков тыл еңбеккерлеріне басқарма төрағасының құттықтауы жазылған хат пен азық-түлік қоржынын табыстады. Сондай марапатқа ие болған ардагердің бірі – Байтұр Шоқыбасов жастарға сұрапыл жылдардағы көрген қиыншылық пен бейнетке толы өмірінен сыр шертіп, бейбіт күннің қадірін ұғынуға шақырды.

– Расында ел басына күн туған қиын кезең болатын. Майдан бізді ерте есейтті. Еңбекке ерте араластық. Тылда жүріп таңның атысы, кештің батысын байқамай өстік. Бір сәт дамылдауға уақыт таппайтынбыз. Қазір бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз. Алла осы бейбітшілігімізден айырмасын. Сұм соғыс қайталанбасын, – деді ардагер.

– Қазақ «кішіге – ізет, үлкенге – құрмет» деп тегін айтпаған. Кішінің ырысы – үлкеннің батасында. Соғыс алапатын көрген қазыналы қарияларымыздың азайып бара жатқаны жанға батады. Бастысы, олардың ерен еңбегін ұрпақ алдында ұмыттырмай, ұлықтауымыз қажет. Осындай игілікті іске еріктілерді де қосып отырған жайымыз бар. Бастысы – ардагерге деген құрмет, – дейді Абулаис Мулаков.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.