МАҢЫЗЫ ЖОҒАРЫ МЕРЕКЕ

2012 жылы Қазақстанның Қарулы Күштерінің 20 жылдығына орай Елбасының Жарлығымен 7 мамыр – Отан қорғаушы күні Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекесі болып белгіленді. Елдің біртұтастығы мен халықтың тыныштығын сақтауда қырағылық танытып келе жатқан қырандардың осы мерекесі қарсаңында біз Сәтбаев қаласының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, майор Ербол Өткелбаевты әңгімеге тартқан едік.

– Ербол Серікұлы, қорғаныс істері жөніндегі бөлім дегенде біздің ойымызға қорғаныс, қауіпсіздік бірінші оралатыны жасырын емес. Сіз басқаратын бөлімнің негізгі міндеті не?

– Негізі қорғаныс бөлімі Қазақстан Республикасының жергілікті әскери басқару органдары қатарында бейбіт және соғыс уақытында жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс атқарады. Сол арқылы адам және көлік ресурстарын жұмылдыруды жүргізу жоспарын, азаматтарды әскерге шақыру учаскелеріне тіркеуді, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарына мерзімді әскери қызметке, запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыруды және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдауды, қаланың әскери-экономикалық әлеуетінің есебін жүргізуді қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда біздің бөлімде жұмылдыру, жасақтау және материалдық-қамтамасыз ету бөлімшелері өздеріне қойылған міндеттерді жүзеге асырады.

– Жастарды әскерге шақыру, оларды тіркеу, міндетті борышын өтеуден жалтарып жүрген жандармен жұмыс өз алдына бөлек. Сонымен бірге, Сіздер жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруде де алдыңғы лекте тұрсыздар. Осы жайлы қысқаша айта кетсеңіз.

– Қазақстан Республикасы Конституциясының 36-бабында «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті болып табылады» деп жазылған. Осыған сәйкес, Сәтбаев қаласындағы жастармен әскери-патриоттық жұмыстар жергілікті атқару органдарымен бірлесе жүйелі ұйымдастырылуда. Қала көлеміндегі білім беру мектептерінде жастарға үгіт насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубтар ашылды. Оқу орындарында оқитын жастарды патриоттыққа тәрбиелеу бағытында және алдағы уақытта әскер қатарында Отан алдындағы борышын өтеуге дағдыландыру үшін қаладағы ардагерлермен, Ауған соғысының ардагерлерімен және әскери қыз-
метін атқарып келген жастармен кездесулер өткізіліп тұрады.
Сондай-ақ, мектеп жасындағы жастарды әскери оқу орындарына тарту мақсатында да осындай жоғары оқу орындары жайлы әңгімелер айтылып, насихат жұмыстары жүргізіліп келеді.

– Биылғы жыл еліміз үшін ерекше жыл болып отыр. Жаһанды жайлаған коронавирустан сақтану және оның таралуына жол бермеу мақсатында төтенше жағдай жарияланып, көп шараларға шектеу қойылды. Осындай күрделі кезеңдегі жұмыстарыңыз қалай жүріп жатыр?

– Иә. Бұл жағдай кімге де болса оңай соғып тұрған жоқ. Осы төтенше жағдайға байланысты төл мерекеміз де ойдағыдай тойланбай отыр. Десек те, осындай қиыншылықтар мен күрделі жағдайға қарамастан Сәтбаев қаласының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде күнделікті міндеттерінен бөлек, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарына мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары жоғары басшылықтан келген пәрмен негізінде жүріп жатыр. Осыған сәйкес Сәтбаев қаласының шақыру қатарына жататын азаматтарын көктемгі әскери қызметке жіберу жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында жергілікті басқару органдарымен бірлесіп жоспар жасалды. Соған сәйкес қала әкімінің қаулысы шығарылып, қалалық шақыру және шақырылушы азаматтардың мерзімді әскери қызметке жарамдылығын анықтау мақсатында медициналық комиссиялары құрылды.

Орайы келгенде төтенше жағдай кезінде де қаламыздың патриот жастарының еріктілер ретінде көмекке баруға әзір екендіктерін білдіргендерін айта кеткім келеді. Президенттің ерікті әскер жасағын құру туралы Жарлығы шыққаннан кейінгі он күннің ішінде біздің бөлімге отызға жуық жастар келіп өтініш білдірді. Бөлім басшылығы атынан осы азаматтарға, жалпы кеншілер қаласының патриот жастарына алғыс сезімімді білдіргім келеді.

Осы сұхбатты пайдалана отырып, қарулы күштер жауынгерлері мен ардагерлерін Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – маңызы жоғары мереке. Бұл күні біз Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, ерлік пен батылдықтың өлшеусіз үлгісін көрсеткен барлық жерлестерге, Ауғанстанның отты жолдарынан өткен ержүрек жауынгерлерге тағзым етеміз. Сіздерге шын жүректен бақыт пен татулық, әрбір отбасына ізгілік пен игілік тілеймін. Денсаулықтарыңыз мықты болып, ел үшін табысты қызмет ете беріңіздер. Ержүрек және жігерлі жандардың бұл мерекесі әрдайым қуаныш пен бақыт әкелсін!

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Комментарии закрыты.