Батырлық пен батылдық үлгісі

Қалыптасқан дәстүр бойынша «Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалы «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Қарағанды, Балқаш, Сәтбаев, Жезқазған қалаларын мекендеген қарт жауынгерлерді салтанатты түрде құттықтады.

Қарағанды филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Шыңғысов, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Бүкіров бастаған бір топ азамат сұрапыл соғыс жылдары майдан даласында қаһармандық танытқан ардагер Тоғай Дауылбаевқа құрмет көрсетіп, 1 000 000 теңгенің сертификаты мен азық-түлік себетін табыс етілді.

Тоғай ата 1923 жылы Ұлытау ауданында туып-өскен. Қан майданға қырық бірдің мамырында өрімдей 17 жасында аттанған. Бар болғаны үш сыныптық білім алған балаң жігіт қабырғасы қатпай жатып-ақ колхоздың ауыр жұмысына араласып, үлкендермен бірге егін егіп, шөп шауып, өгіз айдап, соқамен жер жыртып өскен.

Алғашында сегіз айдай дайындықтан өткен соң, бірінші Украина майданының 29-атқыштар дивизиясында пулеметшінің көмекшісі болып майдан шебіне кіреді. Оқ пен оттың ортасында үш рет жараланып, аман қалған Тоғай ата бүгінде тоқсанның жетеуіне келіп отыр. Соғыстың аяғына дейін қатыспаса да талай қырғынның бел ортасында болыпты. «Бірінші Украина майданының дұшпанға тойтарыс беріп, жеңісті бір табан жақындатуына үлесі ерекше болды» деп бағалайды майдангер.

Кезекті ұрыста Тоғай ата иығынан жарақат алады. Оқ жаурынын тесіп шыққан екен. Емделіп, госпитальдан шыға сала ұрысқа аттанған ол өз полкіне оралып, қолына қайтадан қару алады. Кезекті шабуылда дұшпандар да тойтарыс беріп, қатты қарсыласады. Немістердің мықты шебін бұзып-жарып, алға жылжудан танбаған дивизия талай елді мекендерді жау қолынан босатуға қатысады. Күн сайын осындай сұрапылдың ортасында жүріп аяғынан ауыр жараланған Тоғай Дауылбаевты қаруластары құтқарып, оқтың ортасынан арқалап алып шығады. Арбаға салып сүйретіп, қауіпсіз жерге жеткізеді. Қан тиылмай, өмір үшін арпалысқан жауынгерге сол жерде ұрыс даласында ота жасауға тура келеді. Осы шайқастан кейін батыл жауынгер Тоғай Дауылбаев «Маршал Г.К.Жуковтың медалімен» марапатталады.

Соғыстан соң күйреген шаруашылықты қалпына келтіру оңайға түскен жоқ. Сарыкеңгір аулында мал дәрігері болып ұзақ жыл қызмет атқарған Тоғай ата Қарқаралыдағы техникумда білім алады. Артында жалғыз қалған анасы мен өзінен кейінгі бес бауырына бас-көз болып, қолғабыс жасайды. Түтін түтетіп, шаңырақ көтеріп, немере, шөбере сүйіп, шөпшегін тербеткен күнге жетті. Соғыстан екінші топ мүгедегі болып оралған Тоғай ата Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері, бірнеше мерейтойлық медальдардың иегері. Өткеніне ой жүгіртіп, бүгінгісіне «тәубә» десіп отырған қарт жауынгердің денсаулығы да жаман емес. «Өйткені, көңіл тоқ, жүрек тыныш» дейді ол.

Тоғай ата сынды батырлардың жанқиярлық ерлігі, Отанға деген шексіз сүйіспеншілігі жастарға үлгі ғана емес, бірнеше ұрпақты байланыстыратын рухани даму мен ұлттық өрлеудің шыңы болып табылады. Олар қазақ халқының батырлық пен батылдығының үлгісі болып қала бермек.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.