АЗАМАТ АМАНАТЫН АРҚАЛАП…

Ел шетіне жау тиіп, ер-азамат Отан қорғауға аттанғанда олардың өндірістегі орнын негізінен азамат аманатын арқалаған аналар мен арулар алмастырды. Маман мәселесі қысқа мерзімде қалай шешілді? Сындарлы сәтте өндіріске қанша қыз-келіншек тартылды? Олар негізінен қандай кәсіп меңгерді? Қиын кезеңде қандай нәтижеге жетті? Енді қалалық мемлекеттік мұрағат дерегіне сүйеніп, осы сауал төңірегінде әңгіме өрбітейік.

Маман мәселесі Ұлытау-Жезқазған аймағында соғыс басталған сәттен-ақ күн тәртібіне өткір қойылды. Өйткені, алғашқы алты айдың өзінде жұмыс күшінің үштен бір бөлігінен астамы қолына қару алып, майданға аттанды. Ырғалып-жырғалуды уақыт көтермейтін.

Жаңадан жұмысшы даярлаудың негізгі көзі еңбекке жарамды жамиғатты жаппай жұмысқа жұмылдыру еді. Майданға аттанған азаматтың орнын қыз-келіншек, бала-шаға мен кәрі-құртаң басуына тура келді. Өмірлік тәжірибесі мол зейнеткер жасының ұлғайғанына қарамастан, өндіріске оралды. Ал, әйел мен жасөспірім арасында кәсіпорынның қоғамдық ұйымдары ұйымдастыру және түсінік жұмысын жүргізді. Кездесу кезінде әркімнің қандай кәсіпке ынта-ықыласы мен икемі, қарым-қабілеті анықталып, соған орай даярлық курсына жазды.

Соғыс басталған жылдың алғашқы төрт айында Жезқазған кенішінде жұмыс істеуге 140 әйел мен 25 жас өспірім, Қарсақбай металлургиялық зауытына 110 әйел барды. Оларды кәсіпке баулуға өндірістегі кәсіби шеберлермен қатар зейнеткер мен тәжірибелі жұмысшы атсалысты. 1941 жылдың шілдесінен 1943 жылдың аяғына дейін Қарсақбай металлургиялық зауытында өндірістік шебер мен майталман металлург 628 қыз-келіншекті, оның ішінде 291 қазақтың қаракөзін үйретіп шығарды.

Ондаған әйел темір жонушы, слесарь, электр монтері, қалыпқа балқыма құюшы болып еселі еңбек етті. Ерлермен үзеңгілес екпінді еңбектің үлгісін көрсеткен темір жонушылар Кузнецова, Болошова, Корнеева, Павлова, Бесарабова, балқыма құюшы Қартқожақова, слесарь Қазбекова белгіленген тапсырманы үнемі 2,5-3 есе орындап, үздік стахановшымен бір қатарда тұрды. Жомартова мен Ерназарова зауыттың металлургиялық цехында көпірлі кран машинисі болып істеді, байыту фабрикасының ұнтақтау цехында моторист Есенова мен ұнтақтаушы Тәшенова үздік көрсеткішімен көзге түсті.

Қолдағы дерекке қарағанда, соғыс басталғанға дейін Қарсақбай байыту фабрикасында тек екі әйел жұмыс істесе, алғашқы жылдың аяғына дейін отыздан асқан. 1943 жылдың соңына қарай барлық аға флотатордың орнын қыз-келіншек басып, стахановтық қозғалыс көшін бастаған. Қыз-келіншектер жердің беті түгілі, астындағы ауыр жұмыстан да жүрексінбеді. Мәселен, Байқоңыр көмір шахтасында тек әйелдерден тұратын кешенді забойшылар бригадасына Жаңғабылова жетекшілік жасады. Әбдірова, Сыздықова, Асқарова, Федорова сынды бригада мүшесі ауысымдық тапсырмасын ұдайы асыра орындады.

Ел басына қатерлі күн туғанда кеше ғана кесте тоқудан басқаға көңіл аудармаған қыз-келіншек пен тек үй шаруасымен айналысып, бала бағып, күйбең тірлікпен күнін өткізген әйел ерге тән мамандықты меңгеруден жүрексінбеді. Бастапқы бір жылда Жезқазған кеніші мен Қарсақбай зауытында жалпы жұмыс істегендердің үштен бір бөлігін қыз-келіншек құрады. 1942 жылы Жезқазған кен басқармасында 676 әйел шпур оқтаушы (68), бұрғышы (69), компрессор машинисі (42), слесарь (144), темір жонушы (122), электр монтері (32), моторист (15), машинист (15), паровоз жүргізуші (12), машинист көмекшісі (46), құрылысшы (111) мамандығын меңгерді.

Соғысқа аттанған жұбайының, әкесі мен бауырының орнын басқан қыз-келіншек тылды «мылтықсыз майданға» айналдырып, Жеңісті жақындату жолында жан алып, жан берісті. Мәселен, 16 жасар Зинаида Елкина шахтада екі скрепер басқарды. Шпур оқтаушы Кәден Иманбаева мен электровозшы Мария Сарек тапсырмасын ай сайын асыра орындады, машинистер Мария мен Анна Юровских екпінді еңбектің үлгісін көрсетті. Екпінді қатарында паровоз машинисінің көмекшісі Гудзеева мен Колбасова, электрмен дәнекерлеуші Прерсыпкина мен Гришина, автокөлік жүргізуші Горовая мен Гомозова, тағы басқасы болды.

Қиын-қыстау кезеңде ешкім қол қусырып отырмады. Жұмыстан тыс уақытта майданға сәлем-сауқат жөнелтті. Қоғамдық жұмыста айырықша белсенділік көрсетті. 1943 жылы күзде зауыт кәсіподақ ұйымының қасынан қоғамдық жұмысқа қатысатын белсенді әйелдердің кеңесі құрылып, майдангер отбасының мұң-мұқтажына қатысты қыруар шаруа тындырды. Кеңес белсенділері 80 жұп пима алып, таратты. 200 тонна отын түсірді. 30 тоннадай жем-шөп дайындалды. Сол жылы екі рет сенбілік ұйымдастырылып, оған 380 әйел қатысты.

Майданға жәрдем жасаудың барлық мүмкіндігі қарастырылды. Соғыстың бастапқы жылы Қарсақбайдан Қызыл армия жауынгерлеріне үш жүзге жуық жеке сәлем-сауқат жөнелтілді. 1943 жылдың аяғында Жезқазған ауданы танк колоннасын жасақтау үшін Қорғаныс қорына 3 миллион сомнан артық қаржы тапсырды, майданға 25 тоннадан астам әртүрлі азық-түлік, 4 мыңдай жылы киім-кешек жіберді. Осы шаруаның бел ортасында қоғамдық жұмыспен айналысатын белсенді әйелдер жүрді.

Әйелдер басшылық қызметте керемет қырынан көрінді. Соғыс кезінде басшылыққа тағайындалған 24 әйелдің көпшілігі көрсетілген сенімді ақтады. Мәселен, асхана меңгерушісінен өнеркәсіптік комбинат директорлығына тағайындалған Сайкина саланың жұмысын жедел жүйелі жолға қойды. «Қызыл Жұлдыз» артелінің төрағалығына барған партбюроның бұрынғы басшысы Бекешова берекесі кете бастаған ұжымды алға шығарды. Бреславская басқарған «Жаңа тұрмыс» артелі облыстық өнеркәсіп одағының ауыспалы Қызыл туын тоғыз ай қатарынан қолдан шығармай, еңбек бәсекесін бастады.

Соғыс жылдары ауданда 22 әйел ұжымшар төрағасы, ферма меңгерушісі, ұжымшар басқармасының мүшесі болды. Олар өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқарды. Айталық, қатардағы колхозшыдан төраға болып сайланған Дауылбаева басқарған «Аралтөбе» ұжымшары 1943 жылдың жоспарын барлық көрсеткіш бойынша мерзімінен бұрын орындады. Бұрынғы сауыншы Өтеева «Бірлестік» ұжымшарындағы өзі басқаратын ферманы озаттар қатарына қосты. «Байқоңыр» ұжымшары сауыншысы Алтын Наурызбаева жоғары көрсеткішке жеткені үшін ел Жоғары Кеңесінің грамотасымен марапатталды.

Жалпы сол кезеңде мекемеде, кәсіпорын мен ұжымшарда 650 әйел (350-і қазақ) басшылық қызметте болды. Олар өзіне жүктелген жауапкершілік салмағын жете сезініп, майданның тірегі болған тыл жұмысын ұтымды ұйымдастыруға, жұртшылықты жұмылдыруға бар қарым-қабілетін жұмсады. Майданға аттанған арыстай азаматтардың аманатын арқалаған аналар мен арулар жанкешті жұмыс жасады, алға қойылған міндетті мінсіз орындады. Тылда тынымсыз тер төккен олар қандай құрметке де әбден лайық!

Әлібек ӘБДІРАШ.

Комментарии закрыты.