ҚАҺАРМАН АҒА ҒАЗЕКЕҢ

Ғазиз Омаров 1925 жылы 15 мамырда туған. Мектепке алты жасынан барыпты. Ол уақытта ауылда мектеп болмағандықтан, Жезқазған поселкесінде туыстарының үйінде жатып оқыған екен. Сол жерде №9 орыс орта мектепті бітіріпті. Соғыс басталған уақытта оныншы кластан кейін жұмысқа орналасады. №31 шахтада нормировщик болып еңбек етіп, 1944 жылы Алматының тау-кен институтына түседі. 1949 жылы тау-кен инженері мамандығы бойынша қызыл диплом алып шыққан екен. Жезқазған руднигінің №31/32 шахтасына тау-кен мастері болып орналасады. Екі-үш ай өткесін шахтаның бас инженері болып көтеріледі. 1952 жылы №42-47 шахтаға бастық етіп жіберіліп, кейін Орталық Комитеттің парторогы болып сайланады. Ол жерде біраз жұмыс істеп, Ғазекең жоспарын көп жылдары орындамай келе жатқан шахтақұрылыс басқармасына сұранып, парторгтен босап шығады. Ол келгеннен кейін көп ұзамай ШСУ-1 жұмысы жөнделіп, қатарға қосылғанда В.Гурба Ғазекеңді Жезқазған кен басқармасына директор етіп тағайындайды. Бұл қызметте де ол ойдағыдай табысқа жетті. Бесжылдықтың соңғы жылы келгенде В.Гурба Жезқазған кен басқармасын үшке бөліп жіберді. Сол екі арада Ғазекең комбинат директорының өндіріс жұмыстары жөніндегі орынбасары болып тағайындалады.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Жезқазған кен-металлугия комбинаты ұжымының алдына кен өндірудің тиімді жолын тауып, кеніштердің қуатын еселеу жөнінде жоспар қойылды. №55 және №57 шахталар дүниеге келіп, мыс кенін молынан өндіре бастады. 1966 жылдың 30 наурызында Қаз.ССР Кеңесі министрлігінің Қаулысымен Жезқазған өңірінде тағы бір ірі кәсіпорын бой көтереді. Ол Жезқазған шахтапроходкалау тресі еді.

Шахта құрылысын жүргізу мақсатында ірі трестің бірінші басқарушысы болып Ғазиз Омарұлы Омаров тағайындалды. Трест комбинатпен бірге Қазақстан Түстіметаллургия Министрлігіне бағынды. Бірінші бас инженер В.Г.Игнатьев болды. Украинадан оқпандарда істейтін жұмысшылар және инженер-техник кызметкерлер шақырылды. Келген адамдарға пәтер беріліп отырды. Дегенмен, өз мамандарымызды дайындау мәселесі де туындады. Яғни, білікті кен инженерлері керек еді. Алматыдан, Қарағандыдан бір топ жас маман келіп жатты. Әсіресе, Қарағанды политехникалық институтының шахта құрылыс кафедрасынан жас мамандар көптеп келді. Солардың ішінде мен де болдым. Мен жұмысқа үйренуші шәкірт ретінде қабылдандым. Кейін трест аппараты құрамына шақырды. Директор әрқайсымызбен жеке сөйлесіп, еңбек ұжымы алдындағы міндеттер туралы баяндап беретін. Осылайша Ғазиз Омарұлын жақынырақ біле бастадым. Қатаң тәртіптің адамы еді. Әр маманнан өз жұмыс орнындағы міндетін мұқият орындауын талап ететін. Трест ұжымы алғашқы жылдардың өзінде-ақ кезек күттірмейтін өндірістік, шаруашылық-ұйымдастыру шараларын жүзеге асырды. Ең алдымен шахтапроходкалау басқармалары арнаулы режимге көшірілді. №1, №2 басқармалары көлбеу және тік проходка жасауға бейімделсе, жаңадан құрылған №3 басқарма оқпандарды әзірлеп, монтаж, электромонтаж, бетон, армировка және құрылыс жұмыстарын атқаратын болды.

1971-73 жылдары партком хатшысы Мүзараф Аханов, кәсіпком төрағасы Владимир Ракитин және комсомол хатшысы Мұханбет Копеев болды. 1974 жылдан партком хатшысы болып Арон Қазтаев сайланды. Бас инженер Геннадий Афанасьев, бас есепші Василий Сагайдаков, кейін Арғын Такишов, басқарушының орынбасарлары Яков Королько және Александр Коробейников, өндірістік бөлімінің бастығы Анатолий Усищев, оның орынбасары Александр Коврыгин, техникалық бөлімінің бастығы Иван Дорофеев, жорпарлау-экономикалық бөлімінің бастығы Дина Охотникова, бас маркшейдер Талғат Ибраев, бас механик Жұмабек Саурамбеков, бас энергетик Аққойшы Тусупбеков, кейін Жолтай Тоқбергенов, жабдықтау бөлімінің бастығы Зәкір Тортаев, кадрлар бөлімінің бастығы Иван Резников, еңбек ұйымдастыру және жалақы бөлімінің бастығы қызметін мен атқардым. №1 басқарма бастығы Станислав Бутолин, №2 басқарма бастығы Александр Тутушев, ал, №3 басқарма бастығы Қадырбек Аққошқаров деген инженерлер қарқынды жұмыс істеді. Көлік цехында Афанасий Сапин, механика цехында Арғынбай Айқынбаев, қазандық цехында Степан Почекиро, жабдықтау учаскесінде Сергей Федоров, оның орынбасары Ульяна Миргород деген мамандар сол жылдары табысты тасқындатты.

Шахта салушылар алғашқы күннен бастап өндіріс қуатын іске қосуды кестеге сай жүргізуге ерекше көңіл бөлді. Еңбек өнімділігі де едәуір жетілдірілді. Төленетін жалақы да өсіп тұрды. Трест ең алдымен өзінің базасын жасап алуды шұғыл қолға алды. Шахта құрылысының барлық учаскелерінде тұрақты қарқынға жету және күнбе-күнгі жұмысты кідіріссіз жүргізу басты мақсат етіп қойылды. Ол үшін оқпандар әзірленіп, шахтаның көлбеу және тік проходкасын, бұрғы-жарылыс, монтаж жұмыстарын, темір жабдықтарын, темір-бетон, құрылыс материалдарын, транспорт, қосалқы бөлшектерді және басқа өндіріске керек заттарды жүргізу қамтамасыз етілді. Сөйтіп, трестің жаңа қадамы сәтті басталды. Еске алар болсақ, сол кезеңде кенді өңірде алып шахталар бой көтерді. Ал, №65 алып шахта республикалық екпінді құрылысқа айналды. Ол дер кезінде әрі жоспардан бұрын салынды. Сол уақытта Ғазекеңе және комбинат директорымен қоса бірқатар мамандарға жаңа техниканы игергені үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілді.

Шахта дегеніміз оқпансыз болмайды. Сондықтан, трест ұжымы алғашқы жылдарда шахталардың оқпандарының проходкасын жүргізді. Соның ішінде №65 шахтада 9 оқпан болған еді. Оқпандардың тереңдігі 420 метрден 760 метрге дейін өтіліп, өткен сайын бетондалды, армировка жүргізілді. Осылайша Жезқазған жаңа шахталар құрылысының үлкен алаңына айналды. Осы уақытта трест ұжымы №65 шахтаның оқпандарын әзірлеп, көлбеу және тік проходкасын тез арада жүргізіп, кенді ұсақтайтын бункерлерді, технологиялық тұрбаларды жүргізіп, шахта қалқандарын монтаждап, лебедкаларды, бадья мен вагондарды аудару қондырғыларын, жер бетіндегі және жер астындағы ашылып-жабылатын секторларды мерзімінен бұрын тапсырып тұрды. Жаңа техниканы қолдану нәтижесінде шахта оқпанын тік проходкалаудың айлық көрсеткіші 30 метрден 70 метрге, одан 120 метрге дейін көтерілді. Владимир Малащенко, Найчик, Разиев, Иван Кобытев, Алпысбай Қошанов, Владимир Боячкин, Соловьев сынды бригадирлер еңбек көрігін қыздырды. Бұрынғы техника және механизмдер бұрғылау перфораторлары ПР-30л, порода тиеуіш КС-3, 2-метрлі опалубка және жүк көтергіш бір барабанды машиналар мен кіші лебедкалар, бетонды тасымалдауға МАЗ-200 автомобильдер пайдаланылды. Олардың орнына оқпанның үстінде және ішінде БПС-3 комплексі, 2-қабатты проходкалау пологі, және 4,2-метрлі опалубка қолданылды. Сыртында жүк және адамдарды көтеретін екі барабанды көтергіш машиналар мен қуатты лебедкалар орнатылды. Проходкашылар шпур бұрғылауға БУКС-1м қондырғыны, ал, породаны тиеуге КС/2у-40 машинасын және 3 м3 бадьяны пайдаланды. Бетонды, породаны және қосалқы бөлшектерді тасымалдауға КрАЗ-256 автомобильдері қолданылды. Жалпы жер астындағы жұмыстарда жаңа техникалар мен жабдықтарды қолдану сәтімен жүгізілуінің арқасында көрсеткіштер еселене түсті. Сөйтіп, айына оқпанды өту 89,3 метрге жетті (1980 ж.) сол кезде проходкашылар бригадасын атақты бригадир Анатолий Перепичка басқарды. Одақ бойынша айтулы бұл рекорд осы уақытқа дейін қайталанған емес.

Жаңа техниканы және технологияны игерудің арқасында 1971 жылы желтоқсан айында Владимир Попов басқарған проходкашылар бригадасы 31 күнде бір забоймен 302,5 қума метрді көлбеу әдісімен өтті. Бұл осы уақытқа дейін қайталанбаған зор көрсеткіш болатын. Сол уақытта шпурлар перфоратор ПР-30к, СБУ-2М қондырғыларымен бұрғыланды. Породаны тиеуге ПНБ-3Д, тасымалдауға МоАЗ машинасы қолданылды. Кенді тасымалдауда горизонттарда ППН-3 машина және ПСК-1 мен УВГ-2,5 қондырғылар пайдаланылды. Тік проходка КПВ-1 деген комплекспен өтілді. Ал, забойларды дәрілеуге ЗП-1,2 және РПЗ қондылғылары пайдаланылды. Осындай әдістермен көлбеу және тік проходканы Александр Калинин, Хасан Мухаметкалиев, Степан Шоломицкий, Иван Марчук, Гарий Кравченко, Валерий Сторчак, Вячеслав Бобков, Владимир Гоняк, Геннадий Канашевич, Князюк жүргізді. Бетоншылар және темір бетоншылары арасында Черник, Чирков, Очинский, Шалдуга, Оксаненко, Бударин, Гуляев, Мусин басқаратын бригадалар екпінді еңбек етті. Ал, монтажшы Асқар Маханов, Баукен Айбеков, Круштопов, Долгаймер жоғары табысқа жетіп, ұжым мерейін көтерді. Осындай озаттарды қатарға косып, іргелі кәсіпорынды шашау шығармай басқарған Ғазиз Омарұлының еңбегі зор еді. Еселі еңбегі үшін тоғызыншы бесжылдық қорытындысымен Ғазекең Республиканың «Құрметті Кеншісі» атағына ие болды. Проходкашылар бригадирі В.Попов көп кешікпей Ленин орденін омырауға тақты. № 65 шахта уақытынан бұрын 1975 жылы мамыр айында Жезқазған комбинатына тапсырылды. Ал, 1977 жылы монтажшылар бригадирі Асқар Маханов Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағына ие болды. Осылайша, трест ұжымына «Октябрь революциясының 60 жылдығы» аты берілді.

Еңбек шежіресінің жаңа беттері жазылып жатты. 1978 жылы Алексей Колесников басқарған проходкашылар бригадасы 31 күнде забоймен 504,3 метрді көлбеу әдісімен өтті. Бұл бригада ең бірінші болып шпурды бұрғылауға ДС-65 кареткасын, породаны тиеу үшін ПНБ-3, тасымалдау үшін МоАЗ машинасын қолданды. Оныншы бесжылдықта трест ұжымы еңбектегі үздік көрсеткіштері үшін бірнеше рет Одақта және Республикада ауыспалы Қызыл Туларды жеңіп алып тұрды. Трест ұжымының аты 1979 жылы Республикалық Ауылшаруашылық Көрмесінде аталды. 1980 жылы Қазақстан Түстіметаллургия Министрлігі Жезқазған шахтопроходкалау тресінің негізінде Республикалық шахта құрылыс оқыту-мектебін үйымдастырды. Осы бесжылдықта көрсеткен ерен еңбегі үшін бригадирлер Б.Айбеков «Ленин» орденімен, А.Колесников «Октябрь революциясы», А.Перепичка, А. Калинин, А.Маханов, В.Сторчак «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, №2 басқарма бастығы А.Тутушев «Октябрь революциясы», №1 басқарма бастығы С.Бутолин және №3 басқарма бастығы Қ.Аққошқаров «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Қосалқы жұмыстарда жүрген механик, электрик, лампашы, электрслесарлардың жұмысты еселеуге қосқан үлесі зор болды. Солардың ішінде металл жонушы Жұмакүл Лекерова, лампашы Үміт Тоқаева «Құрмет Белгісі» орденіне ие болды. Бұл жетістіктердің барлығы орасан зор ұйымдастырушылық пен жауапкершіліктің арқасында іске асты. 1981 жылы тау-кен өндірісінің майталманы Ғазиз Омаровқа Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, «Ленин» ордені кеудесіне тағылды. Ұстазымыздың осындай дәрежеге жеткендігіне біз қатты қуандық. Сол жылы көлбеу проходкасының бригадирі Александр Калинин КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағына ие болды. Ал, трест ұжымы Анненск кенішінің құрылысына кірісіп кетті. Ол кеніште 6 оқпан болды. Бұл кезеңде тресте партком хатшысы болып Валентина Уразова, кәсіпком төрағасы ретінде Аманбай Сағидоллаев сайланған болатын. Трест ұжымының алдында №67 шахтаның 6 оқпаны, тік және көлбеу проходкасы, монтаж және басқа да жұмыстары тұрды. Он бірінші бесжылдықта да трест ұжымы бірнеше рет Одақ бойынша және Республикада ауыспалы Қызыл Туды жеңіп алып тұрды. Сол кезеңде Одақ бойынша «Тұрғын үй-90» бағдарламасы жүріп жатты. Тресте №4 шахта құрылыс басқармасы құрылып, МЖК-да үш екі қабатты, бір үш қабатты үйлер, және 10 коттедж салынды.

Ғазиз Омаров 1986 жылы басқа жұмысқа ауысып кетті. Өмірінің соңына дейін «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС президентінің тау-кен жұмыстары жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарды. Ол жерде де абыройға бөленген Ғазекең Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденімен марапатталды. 2000 жылы трест ұжымы «Жомарт» кенішін бастап кетті. 2004 жылы Жезқазған шахтапроходкалау тресіне Ғазиз Омаровтың есімі берілді.

Біздер, Ғазекеңнің көптеген шәкірттері, осындай айтулы тұлғаны мақтан тұта отырып, оның өміршең істерін жалғастырудамыз. Талай өндіріс майталмандарының ұстазы атанып, комбинаттың тірегі болған Ғазиз Омаровтың еліне сіңірген еңбегін 95 жылдық торқалы тойы қарсаңында осы мақалама арқау еттім. Еңбек ерінің есімін №9 орта мектепке (бала Ғазиз Жезқазған поселкесінде сол №9 мектепті бітірді ғой) немесе көшеге беру жайында қалалық әкімдікке, қалалық мәслихатқа ұсыныс айтамын. Осы мәселе Ғазекеңнің мерейтойына орай іске асса өлшеусіз еңбегіне деген зор құрметіміз болар еді.

Дәулет АРҒЫНБАЙҰЛЫ,
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС еңбек ардагері.

Комментарии закрыты.