Қамданған қапы қалмайды

Елімізде карантин режимінің енгізілгеніне байланысты індеттің өршіп кетпеуі үшін тиісті тапсырмалар беріліп, қауіптің бетін қайтаруға біршама шара атқарылғаны мәлім. Десе де әбігерге салған дерт әлемнің әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне де өз ықпалын тигізбей қоймағаны тағы шындық. Өндірісі өркен жайған өңірлердегі ірі кәсіпорындар өз жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болса, жеке кәсіпкерлер де кәсібін дөңгелете алмай біраз абдырап қалғаны рас. Үкіметтің бұл жағдайды реттеуге қатысты ұстанымы көптің көңілінен шығуда. Жақында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жолдаған мәлімдемеде бизнес үшін де, қарапайым халық үшін де оңтайлы шешімдер мен ұтымды ұсыныстар айтылған болатын.

Президентіміз өз баяндамасында азаматтардың өмірін сақтап, қорғап қалуды басты назарда ұстайтынын жеткізді. Ел басына түскен осы қиын кезеңнен аман шығуға, қауіпті кеселдің таралмауына аса қажетті шешімдер қабылдады. Тұрмысы титықтаған жұртшылыққа әлеуметтік жәрдемақылар тағайындалып, бизнес өкілдері үшін екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдетілген несиелер берілді. Әлбетте бұл келтірілген шығынды толық өтемеуі мүмкін, алайда қолға алған кәсібін құрдымға кетірмеуге септескені сөзсіз. Мемлекет бұл орайда ешкімді қиындықта қалдырмай, мұқтаж азаматтарға көмек көрсетіп келеді.

Қ.Тоқаев індеттің өршу қаупін – пандемияның екінші кезеңі басталып кету ықтималдығы жоғары екендігін жоққа шығармайды. Яғни, күн тәртібінде тұрған күрделі кезеңде сақтық шараларын қатаң сақтау қажет. Мемлекет басшысының елдегі карантиндік режимді созуға шешім қабылдауы бұл індеттің таралуына жол бермей, дертті асқындырмай ауыздықтауға бағытталғаны түсінікті. Яғни, дәл осы кезеңде де тазалыққа зор мән беріп, карантин талаптарын қатаң сақтауымыз қажет.

А.ТӨЛЕГЕНОВ,
дәрігер-эндокринолог.

Комментарии закрыты.