Ұлттық компаниялардың акциялары нарыққа шықпақ

Енді артық қаржысы бар қарапайым халықтың алпауыт компаниялардың акционерлері болуға мүмкіндіктері бар. Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың тапсырмасымен былтырғы жылдың 8 қарашасында Үкімет «Халықтық ІРО» бағдарламасын қабылдады. Мақсат – «Самұрық-Қазына» ұлттық əл-ауқат қорының қарамағындағы алпауыт компаниялардың акцияларын халыққа сату арқылы нарықтағы құнды қағаздардың сапасын, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру. Қазіргі уақытта бұл бағдарламаның мақсатын түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Республикалық деңгейде құрылған ақпараттық-насихат тобының мүшелері –Экономикалық даму жəне сауда Министрлігінің мемлекеттік активтерді басқару саясаты Департаментінің бастығы Дүйсен Əділханов, ҚР Ұлтық банкінің Алматы қаласының аймақтық орталықты дамыту Комитетінің қаржылық білім басқармасының бастығы Раушан Бірмағамбетова, «Самұрық-Қазына» ҰƏҚ менеджері Елжас Отыншиевтың қатысуымен бағдарламаны кеншілер қаласының жұртшылығына түсіндіру мақсатында қала активі мен мемлекеттік мекемелер ұжымдарымен кездесу өтті.

Жиынды қала əкімі Батырлан Ахметов жүргізіп, келген қонақтарға сөз кезегін берді.

– Елбасының тапсырмасымен 2011 жылдың 8 қарашасында қабылданған «Халықтық ІРО» бағдарламасының негізгі мақсаты – Қазақстандағы қор нарығын дамыту, қазақстандық əрбір азаматқа жетекші ұлттық компаниялардың акцияларын сатып алуға мүмкіншілік жасау. Қысқаша айтқанда, күнделікті тұрмыс тіршілігінен артылатын ақшасы бар, қосымша табысы бар жандарға арналған бағдарлама. Бұл арқылы мемлекет компанияның сатқан акцияларынан пайда табуды емес, халықтың қор нарығындағы сауаттылығын арттыруды көздеп отыр. Түскен қаражат компанияның еншісіне тиесілі əрі өзінің өндірістік саласын дамытады. Əр акционер компания жұмысының жүруіне атсалысып, дивиденд алып отырады. Ал, егер ешқандай пайда түспеген жағдайда, акция қымбаттаған кезде қайта сатуға мүмкіндік қарастырылған. Компаниялардың құрылымдық пакеттері мемлекеттің қарамағында қала береді. Айта кету керек, компанияның акционерлері тек жеке тұлғалар жəне зейнетақы қорлары ғана бола алады. Бұл жобаға шетелдік азаматтар мен заңды тұлғалар қатыса алмайды. Бағдарламаның жүзеге асу аясы – 2015 жылға дейін. Кезең-кезеңімен нарыққа тəуелді емес ұлттық компаниялардың бағалы қағаздары шығарыла бастайды, атап айтқанда «KEGOC», «Эйр Астана», «Самұрық-Энерго», «Қазақстан Теміржолы», «ҚазМұнайГаз», «Қазатомпром» секілді компаниялар бар. Тəуекелге бел шеше кіріскенде абай болған жөн. Банктерден несие алып, қарызданып-қауғалануды бағдарлама қаламайды. Тағы да ескертіп айтамын, тек қосымша табысы бар азаматтардың ғана сұранысын қанағаттандырады. Биылғы жылдың аяғына дейін «ҚазМұнайГаз» компаниясы құнды қағаздарын нарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Бағдарлама негізінде олардың сатылым мөлшері – 5 пайызды құрайды, – деді Дүйсен Бұхарбайұлы.

– Қазіргі күні халық арасында қызу талқылау жүріп жатқан бағдарламаға қатысушылар тəуекелге барады. Себебі, сатып алған акция күрт төмендеп не қымбаттауы мүмкін. Жасыратыны жоқ, қазір бəрі нарықтағы ұсыныс пен сұранысқа тəуелді. Сондықтан пайда табу үшін қалтадағы соңғы ақшаны салудың қажеті шамалы. Бағдарламаға қатысатын болсаңыз, артық ақшаны салған жөн. Біздің елде қанатын жая қоймаған бағдарлама болғаннан соң, кейбір азаматтар жүрексінеді. Акционер болуға шешім қабылдаған сəттен бастап, компаниямен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап, табысқа қол жеткізу маңызды. Іріктелген қарқынды дамушы компаниялар құнды қағаздарын қаржылық биржаға 2012 жылдың ІІІ тоқсанында шығармақ. Бизнеске араласамын деуші халық арасындағы үлескерлер өндірістің тек 15 пайыздық акциясына дейін қаржы құя алады, – деп мəлімдеді Раушан Сайппуллақызы.

Елжас Мұратұлының айтуынша, бағдарламаға қатысуға ниет білдіргендердің құжаттарын рəсімдеп, жоғарыда аталған қызмет түрлеріне қол жеткізуге еліміздегі 67 брокерлік жəне дилерлік ұйымдар қызмет жасайтын болады. Болжамдарға сəйкес, бұл үрдіске жеке тұлғалар тарапынан 160 мыңдай азамат пен зейнетақы қорларынан 8 миллион қазақстандық тартылады деп көзделген. Егер бастама нəтиже беретін болса, тек алғашқы кезеңде ғана 500 миллион АҚШ доллары шамасында сұраныс болуы мүмкін. Бұл жүйе қазіргі таңда шетелдерде əбден қалыптасып, халықтың күнкөріс көзіне айналған.

Үш баяндамашының мəліметінен соң, жиынды қорытындылаған қала басшысы БатырланАхметов ел экономикасына бірден-бір қозғаушы күш ретінде жұмыс жасап отырған алып компаниялардың құнды қағаздарын нарыққа шығару арқылы халықтың қаржылық сауаттылығы мен нарық саясатынан ақпарат беру бағытындағы бұл бағдарламаны бүгешігесіне дейін түсіндіруге келген ақпараттық топтың мүшелеріне алғысын білдіріп, жұмыстарына сəттілік тіледі.

Бұл бағдарлама халыққа не бермек, тиімділігі неде деген сауалдарға келсек, бірінші тиімділігі – бұл біздің мақтанышымыз болмақ. Өйткені, сіз алпауыт бір компанияның акционерісіз. Оны дəлелдейтін қолыңызда акцияңыз бар. Екіншіден, ол бағалы қағаз болғандықтан, оны ертеңгі күні балаңызға мирастыққа қалдыра аласыз.

Ал, үшінші тиімділігі – қаражат керек болып жатқан жағдайда сата аласыз. Əрине, егер де қор нарығында акцияның бағасы сатуға тұрарлықтай болса. Төртіншіден, сіз компаниядан жыл сайын дивиденд ала аласыз.

«Халықтық ІРО» жүйесі əлемдік деңгейде алып қарасақ, кеше не бүгін пайда болған бағдарлама емес. Əлемдік деңгейде бірнеше жылдардан бері жүзеге асып, жетілген бағдарлама. Əрине, барлық мемлекетте пайданың көзіне айналды деп айтуға болмас. Алайда, біздің бағдарлама осы мемлекеттердің жүйесіндегі озық деген тұстарын алып, ел кəдесіне жаратса дейміз.

Егер де сіз осы бағдарлама жайында толық ақпарат аламын десеңіз www.halik-ipo.kz сайтын қараңыз.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.