Баспана сыйлады

Мұсылман қауымы үшін жылдың ең қасиетті, әрі ерекше айы – Рамазан. «Харекет» қайырымдылық қоры «30 күнде – 30 баспана» ұранын ұстанып, Рамазан айының әрбір күнінде көмекке мұқтаж аз қамтылған көпбалалы аналарды қуантуда.

Оразада жалғасқан игілікті шарада кезекті 201-ші баспана Сәтбаев қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Дана Азнабаеваға бұйырды. 10 жылдан бері баспана тауқыметін тартқан ана қайырымды жандардың арқасында 3 бөлмелі пәтерге қол жеткізді.

– Көп балалы анамын. Балапандарымның ризығы болар, баспаналы болып жатырмын. «Харекет» қайырымдылық қорына жағдайымды айтып көмек сұраған болатынмын. Бірақ, дәл осылай тез арада баспаналы боламын деп күткен жоқпын. Тосыннан үлкен сыйлық жасағандарға алғысым шексіз. Барлығына рахметімді айтамын. Бұған дейін пәтерден пәтерге көшіп, үй жалдап тұрдық. Жаңа баспаналы болу он жылдан бергі арманым еді. Енді, міне, соған қол жеткіздік. Ораза айында баршаңызға Алланың нұры жаусын! Игі шараға атсалысқан иманды, қайырымды жандарға Алла Тағала разы болып, екі дүниенің жақсылығын нәсіп етсін» – дейді Дана.

Үйлі болған балақайлар мәз-мейрам. Осы отбасының үлкен қызы Жәния да өздеріне баспана сыйлаған аға-апаларына алғыс айтып, әсерімен бөлісті.

– Өте қуаныштымыз. Үш бөлмелі пәтерде жеке бөлмем болады. Енді ешкімге жаутаңдамаймыз. Үлкен қуаныш сыйлаған қайырымды жандардың жолы болсын. Адамдарды мейірімге бөлей берсін! – деді ол жүзі бал-бұл жанып.

Қайырымдылық қорының құрылғанына көп уақыт болмаса да еліміз бойынша көп балалы аналарға 201 үйдің кілтін табыстап отыр. Алдағы уақытта да осы жолдан таймақ емес. Ол үшін осы іске атсалысуымыз керек. Олай болса қасиетті Рамазан айында сауапты істер жасауға асығып, «1000 теңгеге баспана» акциясына өз үлесіңізді қосыңыз. Сіз салған 1000 теңге көмекке мұқтаж бір отбасының баспаналы болуына септігін тигізері анық.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.