Жұмыссыздар қатары азаяды

Азаматтарды жұмыспен қамту – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Мамандардың кәсіби әлеуетін іске асыру және олардың жұмысқа орналасуына көмектесу бағытында жүзеге асырылып жатқан түрлі бағдарламалар бар. Солардың қатарынағы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының маңызы зор.

Сәтбаев қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Шапағат Әубәкір аталмыш бағдарлама бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімелеп берген еді.

– Алдағы уақытта қаламызда 16 жоба іске асырылмақ. Ол, білім беру, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және құрылыс саласын қамтиды. Нақты тоқталатын болсақ, білім беру саласы аясында Абай атындағы №4 мектеп-лицей ағымдағы жөндеуден және №3 балабақша күрделі жөндеуден өтетін болады. Бұдан бөлек, тұрғын үй коммуналдық саласы бойынша қаладағы негізгі деген көшелерге, Батыс аудандағы автокөлік жолдарына жөндеу жұмысы жүргізіледі. Сонымен қатар, 2019 жылы басталып, аяқталмай қалған жобаларға да қосымша қаражат бөлінуде. Бағдарламаның негізгі мақсаты төтенше жағдай кезінде жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту болып табылады. Осы бағдарлама аясында өткізілетін байқауға қатысатын мердігер компанияларға арнайы талаптар қоямыз. Конкурсты жеңіп алған мердігер компания жұмысшыларының елу пайызын жұмыспен қамту орталығында тіркеуде тұрған азаматтар қамтиды. Яғни, олар осы арқылы жұмыспен қамтамасыз етіледі. 16 жобаны іске асыру үшін 2 млрд 842 млн теңге бөлінген.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.