Биік шаңырақ, берік босаға

Берік те берекелі отбасы қайдан шығады? Азғана табыстың берекесін келтіріп, бала-шағаға түзу тәрбие беру үшін қандай білім мен ғылымға сүйену керек? Бүгінгі таңда біз отбасымызға мән беруден бұрын осындай сұрақтарға жауап іздеуді әдетке айналдырып алған сияқтымыз. Біздің ата-әжелеріміз ешқандай психология мен пәлсапаны зерттемей ақ, отбасын сүйетін, еңбекке адал, достыққа берік мықты ұрпақ тәрбиелеп шығарған еді ғой.

Мен бүгін атам мен әжемнің өмірін әңгіме еткім келеді. Сұрапыл соғыс басталған жылдары атамыз Қалымбет небары 13-14 жастағы бала екен. Бірақ, еңбекке ерте араласқан. Кейін документіне 1926 жылы туылған деп жазғызып, (негізі 1928 жылы туған), кенші болып жұмысқа кірген. Содан зейнетке шыққанша сол қызметін қалтқысыз адал орындаған жан. Әжеміз Нағимамен 1952 жылы шаңырақ көтерген. Ата-ене, үлкендерге деген құрметтің биіктігі сондай, тұңғыш балалары Төлеубайды (менің әкем) әкесінің орнына әке болып келген ағасы Өксікбай деген ақсақалдың шаңырағына беріп, Қалила әжеміздің бауырына салады. Әкем шынайы тегін армияға кетер алдында ғана білген екен. Соған дейін сыр болып сақталып келген. Не деген жанашырлық. Үлкендердің көңілі қалмасын деген ниетпен ешбір жан жақ ашпаған. Бар ауыл, барлық бауырдың білгені анық қой. Құрмет деген, шынайы сыйластық деген осы шығар. Ал, Қалымбет атамыз бен Нағима әжеміздің шаңырағында әкемнен кейін он бала дүниеге келген. Сол он бір баланың оны аман-есен ержетіп, отбасын құрып, ата-анадан көрген тәрбиені қайталап, ұрпағын қатарға қосып жатқан жайы бар. Он баладан 29 немере сүйіп, олардан тараған 44 шөбересінің алақанынан су ұрттаған әжеміз әлі күнге ортамызда. Үлкен шаңырақтың ұйтқысы, берекесі болып отыр. 2003 жылы ата-әжеміздің алтын тойын тойлаған едік. Сонда атам «Қиыншылығы мен қызығы қатар жүрген өміріме ризамын. Артымнан ерген бала-шағама да ризамын. Жақсы ғұмыр кешіп, жақсы ұрпақ өсірдік деп ойлаймын. Енді, алам десе, Аллаға ризамын» деген болатын. Атамыз 2004 жылы 76 жасында дүниеден озды.

Бақыт деген осы шығар. Өкінбейтіндей өмір сүріп, ізіңді жалғастырар жақсы ұрпақ тәрбиелеп, өмірден ізіңнің жоғалмайтындығын сезіну бақыт шығар. Атамыз да, әжеміз де зейнетке шыққанша еңбек етті. Балаларына да, немерелеріне де уақыт бөле білді. Туыс-туғанмен де қарым-қатынасы жоғары деңгейде болды. Биік шаңырақ, берік босаға деген осы болар.

Айнаш БЕГІМ.

Комментарии закрыты.