Бір үйден екі жауынгер

Атам Садуақас Сейілұлы 1906 жылы Жезді өзенінің бойында дүниеге келген. Батыр тұлғалы, екі иығына екі кісі мінгендей ірі адам болған деседі көзкөргендер. Мереке, тойларда күреске шығады екен. Майданға 1942 жылы 17 ақпанда 36 жасында Қарсақбай ауылынан алынады. Көкшетауда кіші офицерлер дайындайтын 4 айлық курста оқиды. «Шабуылға шығайын деп тұрмыз» деп жазған соңғы хаты Донбастан келген екен. Содан хабарсыз кетті. Атамыздың суреті жоқ болғандықтан біз оның бет-әлпетін әжемнің айтуымен білеміз. Әжем Халипа «Кебін киген өледі, кебенек киген келеді» деп үміттенетін.

Атам мен әжемнен бір ұл, бір қыз қалады. Менің әкем Ибатай (суретте) және қызы Рахыш. Әкесі соғысқа аттанғанда 16 жасар әкем анасы мен қарындасы Рахышты ойлап, жасын ұзартып жұмысқа кіреді. 1943 жылы құжат бойынша 18-ге келгенде сақал-мұрты енді тебіндеген бозбала майданға аттанады. Соғыс-та жүріп өлеңмен хат жолдайды екен. Сол өлеңдерімен есімде қалғаны деп Рахыш апам айтушы еді. Литва жеріндегі бір қақтығыста аяғынан жеңіл жарақат алып госпитальға түседі. Жазылғаннан кейін қайыра соғысқа кіреді. Екінші рет басынан оқ тиіп ауыр жарақат алады. Әскер қатарына жарамсыз деп танылып, үшінші топ мүгедегі атанған ол Ленинградты қалпына келтіру жұмысына қатысады. Елге тек 1946 жылдың аяғында оралады.

Әкем Ибатай мінезі салмақты, артық сөзі жоқ, ұқыпты кісі еді. Қарсақбай ауылында есепші болып өмірінің соңына дейін қызмет атқарды. 1947 жылы анамыз Бағиламен отау құрып, алты перзент сүйді. Бір үйден сұрапыл соғысқа аттанған екі жауынгер Ұлы Жеңісті жақындатуға осылайша үлес қосты.

Баян ЖАЛҒАСБАЙҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.