әлеуметтік көмек «ALPAR GROUP» компаниясынан

Елді жағасынан алған коронавирустық инфекция біраз әуре-сарсаңға салғаны белгілі. Осындай қиын-қыстау кезеңде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған қайырымды жандар «Біз біргеміз!» жалпыреспубликалық акциясына белсене атсалысуда. Мемлекет басшысының бастамасымен және Елбасының қолдауымен өткізілген акцияға жақында «ALPAR GROUP» ЖШС да өз үлесін қосты.

Қарағанды облысының аумағында қызмет көрсететін компания 35 тонна өнімді сатып алуға қаражат бөлген. Акцияны қолдау аясында «ALPAR GROUP» компаниясының құрылтайшысы Ерқанат Қожахметовтың бастамасымен өңірдегі 1500 әлеуметтік жағдайы төмен отбасыға көмек көрсету мақсатында 15 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған. Бұл қаржыға бірінші қажеттіліктегі өнімдер сатып алынып, сұрыпталып, арнайы қорапшаларға салынған. Қорапшалардың әрқайсының салмағы 23 келіні құрайды. Халықтың әлеуметтік жағынан осал санатына көмек көрсету үшін бірінші қажеттіліктегі азық-түлікке толы 1500 қорапша дайындалды. Олар Қарағанды, Жезқазған, Сәтбаев қалаларының мұқтаж тұрғындарына таратылды. Қаламызға бөлінген азық-түлік «Ұлы дала» гипермаркеті маңынан арнайы көлікке тиеліп, Достық үйіндегі әлеуметтік көмек көрсету орталығына жеткізілді. «Нұр Отан» партиясының белсенділері мен еріктілер берілген тізім бойынша 2 күн қатарынан азық-түлікке толы жәшіктерді мекен-жайларға үлестіріп берді. Айта кетейік, өнімдерді таңдап, сараптауға «Ұлы дала» гипермаркетінің ұжымы көмектесті.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.