«Қарсақбайымды еш жерге де айырбастамаймын» – дейді ардагер Əбдірахман ЕРБОСЫНОВ

«Ардагерлер арамызда жүр» деймізау, осыдан 2-3 жыл бұрын аймағымызға белгілі дəрігер Серік Орал екеуіміз 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында қарашаңырақ Қарсақбайға барғанымызда, ондағы екі соғыс ардагерімен кездескен едік. Бұл жолы аталмыш кентте бір ғана майдангер – тоқсанның төріне шыққан Əбдірахман Ербосынов қана қалыпты.

Осы жолғы сапарымда Əбдірахман ақсақалмен ескі таныстардай жүздестік.

– Əбеке, ауылдағы майдандасыңыз Лесото қайда? – деп сұрадым.

– Жезқазғанға көшіп кетті.

– Жалғызсырап қалған екенсіз ғой.

– Неге? Құдайға шүкір, мұнда əлі елжұрт бар ғой. Үлкен шаңырақты кіші ұлым Боранбай мен келінім Айгүл ұстап отыр. Немерелерім жанымда. Ойқырдағы басқа балаларым да улап-шулап келіп тұрады. Одан артық маған не керек?!

Əбдірахман ақсақал зайыбы Қабира екеуі он екі бала тəрбиелеп өсірді. Екеуі 43 жыл қол ұстасып өмір сүріпті. Əттең, Қабира апай өмірден ерте кетті. Əкенің тəрбиесін, ананың ақ жолын балалары ақтап келеді. Бұл өмірде ата-анаға ең ауыры баладан айырылу ғой. Мəпелеп өсіріп, ер жеткізіп, өмірде өз жолдарын табуға бағыт берген əке-шеше құлындарынан көздері тірісінде айырылғаннан жатқан асқан қасірет жоқ екен. Оңтүстік Жезқазған кенішінің мақтанышы, еңбек озаты үлкендері Амангелдіден 2000 жылы айырылып қалды. Ол өндіріс апатынан қаза тапты. Бұл аздай, қызмет бабында жүргенде тағы екі ұлдары Дүйсен мен Есенбек те өмірден ерте кетті.

Əбдірахман қария қазірдің өзінде ұлдарын айтқанда ауыр күрсініп, мұңайып қалады. Сонда да қарт жауынгерді өмірдің бұл үлкен қасіреті қайыстыра алмады. Құдайға шүкір, қалғандары өмірден өз орындарын тауып, отбасын құрып, əкелеріне немере, шөбере көрсетіп отыр. Оңтүстік Жезқазған кенішінде Амангелді ағасының орнын басқан Еркін Ербосыновты əріптестері де, «Қазақмыс» корпорациясының басшылары да сыйлайды. 20 жылдан астам осы кеніште бір жерде тапжылмай жұмыс атқарып келе жатқан Ерекең еңбекте ерлеп, ІІІ дəрежелі «Кенші даңқы» белгісінің иегері атанды. Інісі Болат та өмірін кенші мамандығымен байланыстырды. Əбекеңнің қолындағы Боранбай да корпорация жүйесінде Қарсақбай мыс зауытында еңбек етеді.

Қазіргі кезде Ербосыновтардың əулеті қанатын кең жайып, Қарсақбай, Жезді, Сəтбаев, Жезқазған, Қарағанды, Алматыға дейін тарап отыр. Əбекеңнің 30-дан аса немере-шөберелері бар. Немерелерінің ішінде ата мен əкелерінің жолын қуып, кенді өлкенің басты өндіріс алыбы «Қазақмыстың» кəсіпорындарында өнегелі еңбек етіп жүргендері де аз емес. Амангелдінің үлкен ұлы Дулат «Қарағандытүстімет» ӨБ-нің департамент бастығы, оның інісі Ерболат «Қазақмыста» еңбек етеді. Оған қоса Ерболат өңірімізге белгілі спортшы. Еркін күрестен Азия чемпионы. Əбекеңнің тағы бір немересі Нұрсұлтан да спорт десе ішкен асын жерге қояды. Нұрсұлтан «Қазақмыс» футбол командасының жастар құрамасында ойнаған. Кезінде «Қазақмыс» корпорациясы арқасында Испанияның Барселонасына да барып қайтты. Ендігі арманы – Қазақстан чемпионы – Қарағандының «Шахтерінде» ойнау. Балалары мен немере-шөберелерінің қызықтарын қызықтап, осынау жасқа келген Əбдірахман ақсақалдың Қарсақбайдағы үлкен шаңырағы шын мəнінде құт-берекелі отау болды. Содан-ақ Əбекеңнің «Қарсақбайымды еш жерге де айырбастамаймын» дейтінін түсінуге болады.

– Майданға осы Қарсақбайдан шақырылдым, 1944 жылдың күзінде, – деп еске алады Əбдірахман ақсақал. – Негізінен, мен 1923 жылғымын. Ол кезде қай жерде, қашан туғаның жөнінде құжат алуды əке-шешеміз білмеген ғой. Жобалап айтады, соны ауылсовет жаза салады. Мені 1926-жылғы деп жазыпты.

Соғыс басталғанда 17-демін. Онда Ұлытау ауданының Кішітау ауыл кеңесі, «Большевик» колхозында тұрамыз. Үйдің үлкенімін, əке-шешеммен бірге колхоздың шаруашылығына ерте араластым. Олар қуанады, «бізді асырайтын осы болады» деп. Қайдағы, соғыс деген нəубет басталып, ауылдағы еркектер мен жарамды жастағы жастар да əскерге шақырыла бастады. Мені де шақырды. Денсаулығыма байланысты қалдырды. Ауылдағы жұмысымды істеп жүре бердім. Кейін тағы да шақыру қағазын алдым. Осы Қарсақбайға алып келді. Замандастарым майданға кетіп жатыр. Мені тағы да қалдырды. Не əскерге алмайды, не үйге жібермейді. Қарсақбайдың басында өз шаруаларына салады. Ақыры не керек, 1944 жылдың аяғында əскерге іліктімау. Воронеж қаласында əскери дайындықтан өттік. Ол кезде майдан шекарадан өтіп, Батысқа ауысқан. Сол жаққа бет алдық. Бағытымыз – Молдавия, Румыния. Жолай қираған қалалар, босқан халық. Соғыстың жан

түршігерлік келбетін сонда көрдім.

Қатардағы жауынгер Ə.Ербосынов 259-шы атқыштар полкінің құрамында Шығыс Европа елдерін фашист басқыншыларынан азат ету жорықтарына қатысып, сол шайқастарда майдандастарымен бірге Германияның тізе бүккенін де көрді. Жеңіс күнін Будапешт қаласында қарсы алды. Енді елге ораламыз деп күтіп жүргенде, оларды қайтадан Воронеж қаласына əскери қызметке қалдырды. Ол жерден еліне жақын Балқаштағы əскери бөлімшеге ауыстырды. Не керек, Əбдірахман Ербосынов еліне бес жылдан кейін оралды.

Əскери қызметтен өткен тəжірибесі бар Əбекеңді Қарсақбай ішкі істер бөліміне бірден алды. Бұл қызметті абыройлы атқарып, тəртіп сақтау саласының үздігі атанды. Кейін Ə.Ербосынов еңбек жолын Қарсақбай мыс зауытында жалғастырды. Алғашында слесарь, ауысым шебері, сосын механик қызметіне дейін көтерілді. Əбекеңнің жұмысты тыңғылықты, жауапкершілікпен атқаратынын білетін басшылар зауыттың тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімін басқаруды тапсырды. Сол жерден 1985 жылы зейнеткерлікке шықты.

Қазіргі кезде Əбекең сонау 70-ші жылдары алған ескі үйінде келген қонақтары мен туғантуыстарын құшақ жая қарсы алып, барын алдарына тосып, «құдай осыдан жазбасын» деп өмір сүріп жатыр.

– Биылғы жылдан бері жүруім қиындап кетті. Əйтпесе, тəбетім жақсы, əкетіп бара жатқан аурудан, құдайға шүкір, амансаумын, – дейді Əбдірахман ақсақал. – Балаларыма салмағымды салмауға тырысам. Өзім шамам келгенше есік алдына шығамын. Үйде баспасөз беттерін қараймын, теледидардан да қалыс қалмаймын.

Əттең, аяғым ауырмаса, балыққа барар едім, – деп Əбекең жастық шақтан құмар кəсібін де аңсап қояды.

– Бұл кісі балық туралы сөз қозғаса, жанып кетеді, – дейді ұлы Еркін. – Балық аулау туралы бірнеше сағат əңгіме айтуға бар. Кезінде сырдың да, қырдың да талай балығын көрген адам ғой. Өткен жылдан бері балыққа баруды қойды. Бұрын біз балыққа жиналсақ, бұл кісі бізден бұрын дайын тұратын. Бір қызығы, ау құрып балық ұстауды ұнатпайды. Оған ең қызығы – қармақпен аулау. Артқы жылға дейін өзіміздің Қарсақбайдағы тоғанға қармағын арқалап, бірер сағатқа балық аулауға барып жүрді. Қазір қармағы өзіңіз көрдіңіз ғой, ең құрметті жерде – төрде тұр.

«Міне, біздің Əбекең сондай. Əлі де құмар кəсібінен қол үзгісі келмейді. Аяқ мұрша берсе, осы жазда барып та қалармын» дейтін ақсақалдың өмірге деген құштарлығына қалайша сүйсінбейсің! Құдай сізге, Əбеке, қуат берсін!

90 жыл қарашаңырақ Қарсақбаймен бірге өмір сүріп келе жатқан Əбдірахман Ербосыновтың əулеті өсіп-өніп, қанатын кең жая берсін, үлкен шаңырағынан түтін үзілмей, балашағаның күлкісіне əрқашанда толы болсын.

Мəди ƏЛЖАППАРОВ.

Комментарии закрыты.