ЖАУЫНГЕР ЖОЛЫ

Атам Балмұқан Темірбеков 1916 жылы Қарағанды облысы Жезқазған ауданына қарасты №3 ауылда дүниеге келген екен. Соғысқа дейін «Қызыл Әскер» колхозында еңбек етіп, колхоздың жұмысын баққан көрінеді. Ел басына күн туып, ер азаматтар майданға аттанған кезде ол да қайта-қайта сұранып, 1942 жылдың 3 маусымында майданға аттанады.

Бүгінгі ұрпақ Ұлы Отан соғысы жайлы кинолардан ғана көріп, біліп жүр. Сол соғыстың бел ортасында болып, оқ пен оттан аман оралған ардагер аталарымыз арамызда қалмады да. Біз оларды әке-шешелеріміз көздің қарашығындай сақтап жүрген құжаттардан ғана көріп, біліп жатырмыз. Солардың бірі өзім.

Менің атам Балмұқан Темірбеков 1942 жылы ант қабылдаған күннің ертесінде ұрысқа кірісіпті. 57-Армияның құрамында 303-Қызыл Тулы Жоғарыднепр атқыштар дивизиясының 844-артиллерия полкында №1 батареяның артиллеристі болған ол талай кескілескен ұрыстарға қатысыпты. Оны мен атамнан қалған құжаттардан көріп отырмын.

Жауынгер Балмұқан әдепкіде Харьков майданындағы жан беріп, жан алысқан қанқұйлы шайқасқа қатысып, қаланы жаудан азат етеді. Одан кейін де осы құрамда жүріп атам Кишинев қаласын азат ету, Яссы ауданының аумағындағы неміс-фашистерінің бекінісін бұзу сияқты ұрысқа түсіп, көрсеткен ерліктері үшін бірнеше рет Жоғары қолбасшыдан алғыс та алған екен.

Атамның жорық жолдары бір мұнымен бітпейді. Ол Кировоград қаласын азат етуге, Корсун-Шевченко қоршауындағы фашистердің тобын жоюға, Умань, Бельцы қалаларын жаудан азат етуге қатысқан. Әйгілі Днестр өзенінен өту кезінде де атамдардың батареясы жау солдаттарына бас көтертпей, Кеңес әскерлерінің өзеннен өтуіне мүмкіндік жасаған. №7 Гвардиялық Армия қатарында жүріп те ол Будапешт, Сальнок, Тисса қалаларын азат етуге қатысып, Трон және Нистра өзендерінен өту кезінде Кеңес армиясының шығынсыз шығуына жағдай жасаған.

Бүгінде қолымызда атамыздың сол сұрапыл жылдардағы жауынгерлік жорықтағы ерліктерін айғақтайтын бірнеше архивтік құжаттардың мәліметі бар. Соның бірі – Братислав қаласын азат ету кезіндегі ерлігі үшін Жоғары қолбасшы Сталинның Алғыс хаты. Сондай-ақ, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдары мен ІІ Дәрежелі «Отан соғысы» ордені оның жорық жолдарының өшпес белгілері.

Атам соғыстан 1946 жылы оралыпты. Елге келген соң «Қызыл Әскер» колхозында он жылдан астам еңбек етіп, 1957 жылы «Сарысу» совхозы ашылғанда сол совхозға аға шопан болып келген екен. Сол жерде табан аудармай жиырма жыл еңбек етіп, 1977 жылы зейнеткерлікке шыққан. Кейін Сәтбаев қаласына көшіп келген атам бала-шағаларының ортасында өмір сүріп, 1991 жылы дүниеден өтті. Атамның жауынгерлік жолдары мен өмір белестері бізге қашан да үлгі-өнеге.

Нұржан САЙЛАУБАЙ,
шөбересі.

Комментарии закрыты.