Қоғамдық көлік қозғалысы жанданды

12 мамырдан бастап кеншілер қаласында қоғамдық көліктің жұмысы жанданды. Автобустар сағат 07.00-ден 19.00-ге дейін жүреді. Бүгінгі күні қала көшелерінде 6, 9, 10, 13 нөмірлі автобустар өз аймақтарын аралап жүр. Бұған дейін, яғни 4 мамырдан бері екі маршрут қана жүріп келген…

– Төтенше жағдай тоқтатылғанымен, сырқаттың таралуына жол бермеу мақсатындағы карантин талаптарының кейбір бағыттары әлі сақталуда. Мәселен, маска тағып жүру, антисептиктер пайдалану сияқты күнделікті қолданылатын шарттар коғамдық көлікте жүріп-тұру үшін талап ретінде қалып отыр. Көлік жүргізушілердің өзі маска тағып, қолғап киюі тиіс. Мұның сыртында автобустар күніне екі рет, таңертең және түстен кейін, арнайы антисептикпен залалсыздандырылады, – дейді «СәтТрансАвто» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің төрағасы Марат Балмағамбетов.

Соңғы екі айдың ішінде жұртшылық жеке бастың гигиенасын сақтауға әбден төселіп қалды. Мұны кәсіпорындардың басшылары да қатаң қадағалап отыратын сияқты. Әсіресе қоғамдық көліктерде мұндай сақтық шаралары қажет нәрсе. Осы мақсатта автобус жүргізушілері де көлікке артық жолаушы мінгізбеуге тырысуда.
– Аптаның басында автобустардың жолаушы тасымалдау көлемі 40 проценттей ғана болған. Яғни, мінетін жолаушылар аз еді. Қазір 50 процентке жетті. Жезқазған қаласына қатынайтын 101 маршрутты автобус жүре бастаған соң қалаға келушілер артқан сияқты. Бұрын олар индрайвермен діттеген жерлеріне дейін жетіп қалатын. Ал, автобуспен келгендер енді өздері баратын бағытқа маршруттық автобусқа мінуге мәжбүр. Бұл бізден сақтық шараларын екі есе арттыруды талап етеді. Сондықтан, біз автобустарға антисептиктер орнатуды қолға алып отырмыз, – дейді Марат Сұлтанұлы.

Серіктестік басшысының айтуынша, жол ақысын төлеу әлі қолма-қол ақша арқылы жүреді екен. «Электрондық аппарат орнатуға мүмкіндігіміз болмай тұр. Бірақ, бұл жұмыс біздің жоспарымызда бар» дейді ол.

Сонымен, қалада қоғамдық көліктер қозғалысқа енді. Олардың бәрінде дезинфекциялық жұмыстар бұрынғыдай жүргізіледі. Автобус жүргізушілері барлық қауіпсіздік шараларын сақтайды: бетперде, қолғап киіп, антисептиктерді қолданады. Сол шараларды жолаушылар да сақтауы қажет.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.