Отбасылар онлайнда

Елімізде енгізілген төтенше жағдай режимі әбігерге салғанымен, кей отбасы үшін уақытты бірге өткізуге, ойға алған істеріңді жоспарлауға таптырмас мүмкіндік бергені мәлім. Карантин жарасымын тапқан жұптардың үйде де өзінің көпке үлгі отбасы екендігін ұғындыруға септесті. Жуырда сол отбасылар Ш.Ділдебаев атындағы мәдениет және шығармашылық орталығы ұйымдастырған онлайн байқауларға қатысып, бос уақытын бірге әрі қызықты етіп өткізуде белсенділік танытты. Желіде «жұлдыз» атанған жанұялар 15 мамыр – Халықаралық отбасы күнінде марапатталып, ең үздік отбасылар анықталды.

Абайды ұлықтады

Ш.Ділдебаев атындағы мәдениет және шығармашылық орталығының ұжымы төтенше жағдай кезінде де қала жұртшылығына әлеуметтік желілер арқылы үндеу жолдап, барынша қолдау білдіріп келеді. Ел басына түскен қысылтаяң шақта кенді өлке тұрғындары үшін қызықты әрі танымдық сипаттағы онлайн байқаулар ұйымдастыруға кірісті. Алдымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арнап ақынның өлеңдері мен әндерін орындаудан өткізілген «Абай time» сайысы желі қолданушылары арасында қызығушылыққа ие болды. Байқауға қатысқан отбасылар ұлы ойшылдың шығармашылығына ден қойып, әндерін орындады.

Сайысқа қатысқан 9 отбасы да орталық атынан Алғыс хат пен ақынның кітаптарын сыйға алды. Аналарымен бірге ән айтып, өлең оқыған Ұлжан Кәрім, Бақдәулет Сұлтанғали, Салтанат Шынтемір секілді жас өрендер жүлделі орындарды өзара бөліссе, байқауға тұтас әулетін жұмылдырып қатысқан Ділдебаевтар әулеті Бас жүлдені жеңіп алды. Әулеттің намысын қорғаған Жайна Ділдебаева сайыстың тағылымы мол екендігін сөз етті.

– Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде ақынның бір өлеңін жатқа оқысақ, екінші кезеңде отбасы мүшелерімен бірге әнін орындау міндеті тұрды. Бейнероликтерді әлеуметтік желілерге жүктедік. Ең көп оқылып, лүпіл жинаған роликтер жеңіске жетті. Бұл біріншіден Ұлы Абайға деген құрмет, жалпы өлеңге деген құрмет болса, екіншіден отбасын ымыра-бірлікке, татулыққа шақыруға үндейтін байқау деп түсіндім. Ұйымдастырушыларға алғысымыз зор, – дейді Жайна Ділдебаева.

Үздік отбасы үкіленді

Орталық өткізген «Ең үздік инста отбасы» атты креативті отбасылық бейнесайыс та карантин уақытында көптің қолдауына ие болып үлгерді. Отбасылардың ізденісі мен шығармашылық қабілетін анықтайтын байқау әлеуметтік желідегі орталықтың жеке парақшасында өткізіліп, пікір мен лүпіл жинаған бейнероликтер көптің көзайымына айналды.

Бұл жарыстың да қорытындысы отбасы күнінде жарияланып, үздік өнер көрсеткен отбасылар Алғыс хатпен марапатталды. Байқаудың үздігі болып Әубәкірлер отбасы танылып, ақшалай сыйақыға ие болды.

– Қазір технологияның заманы. Жаһандық трендтен қалмау керек деп білеміз. Үйдегі үлкен қызымыздың ықпалымен осы байқауға қатысуға бел будық. Өздігімізше отбасымызбен түрлі қимылдардан тұратын би билеп, онымызды желіге жүктедік. Ролик көбіне ұнаған болуы керек, байқаудың үздігі атанған жайымыз бар. Отбасы күнінде осындай марапатқа кенелудің өзі бір бақыт. Шын қуаныштымыз, – дейді Шапағат Әубәкір.

Халықаралық отбасы күнінде сәтбаевтық белсенді жанұяларды жинаған орталық директоры Динара Ширекбаева байқауларға қатысқан барша отбасыға шынайы алғысын жаудырып, өскелең ұрпақтың бойына адамгершілік, ізгілік қасиеттерді сіңіре берулеріне тілектестігін білдірді. Шығармашыл ұжымның бұл бастамасына қатысушылар да ризашылығын жеткізді.

– Бұл бірінші кезекте елге төнген қауіпті кезеңде азаматтарымыздың үйде отырып, сақтық шараларына мейлінше сақ қарауына бағытталған еді. Екіншіден, биылғы жыл атаулы даталарға толы жыл болғандықтан, құр отыру да әбестік болар деген оймен осындай бастама көтердік. Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойына арнап «Жеңіс әндерін шырқайық» атты байқау да көптің қолдауына ие болды.

Отбасы дейтін ұғымның қаншалықты қастерлі, киелі екенін сезінсек те, толық ұғынбай жүргендейміз. Әке мен бала, қыз бен шеше арасындағы мәміленің жоқтығынан жанжал, ұрыс-керіс белең алып барады. Өткізген байқаулар осы бір ұлы ұғымды кие тұтуға арналды. Бар шаңыраққа шаттық пен қуаныш тілейміз. Шаңырақтар шайқалмасын, – дейді орталық директоры Динара Ерланқызы.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.