Білім беру нысандары жөнделмек

Президент тапсырмасы бойынша қаламызда «Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020-21» инфрақұрылымдық жобасын жүзеге асыру жұмыстары басталды. Аталмыш бағдарлама аясында білім беру нысандарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, азаматтар жұмыспен қамтылады.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Берік Ақышбековтың айтуынша, 7 білім беру нысаны жөнделмек. Осы бағытқа 1 068 172,0 мың теңге бөлінген. Оның ішінде мектепке дейінгі 3 мекеменің жөндеу жұмысына 890 млн.705,0 мың теңге, ал, жалпы орта білім беру нысандары үшін 177 млн.467 мың теңге бөлінді. Сметалық жоба бойынша мектепке дейінгі 3 мекеменің шатыры ауыстырылып, жертөлесі жөнделіп, есік-терезесі жаңаланбақ. Әрлеу жұмысымен қатар, жылу, су, кәріз құбырлары, желдету мен өртке қарсы дабыл жүйелері қалпына келтіріледі. №29 «Балдәурен» балабақшасының жөндеу жұмыстарына 388 млн.352 мың теңге бөлінді.

Алдағы уақытта аталмыш бағдарлама аясында 97 жұмыс орны құрылады. 49 штат жұмыспен қамту орталығы арқылы ашылмақ. №31 «Балапан» балабақшасы үшін 372 млн 353 мың теңге бөлініп, 93 жұмыс орны құрылады. 47 азамат жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыспен қамтамасыз етіледі. №26 «Қарлығаш» балабақшасына 130 млн. теңге бөлінді. Бұл бағытта 33 жұмыс орны құрылып, 16 азамат жұмысқа орналастырылмақ.

– «Мемлекеттік сатып алу басқармасы» арқылы мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізіліп, «Құрылыс» ЖК, «Самға» ЖШС және «KZ ЦЕНТР» ЖШС жеңімпаз болып танылды. Бүгінгі таңда мердігер компаниялармен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін шарт жасалды. Сондай-ақ, жұмыспен қамту орталығымен келісім-шарт жасалмақ. Жалпы, ашылатын 223 жұмыс орнының 112-і жұмыспен қамту орталығына тиесілі, – дейді Берік Базылұлы.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.