Бірлескен ел бәрін жеңеді

Тұтқиылдан төнген жаман індет барша адамзатқа қауіп-қатер төндіруде. Қазірдің өзінде дүние жүзі бойынша миллионнан астам адам осы дертке шалдығып, ондаған мың адамның өмірі қиылды. Сондықтан, әлем болып жұмыла дертке дауа іздеп, бүгінгінің ақыл-ойы мен ғылым-білімнің жетістігін ортақ мақсатқа жұмсап, ынтымақтаса қам-қарекет қарастыруда. Ұлт саулығы сынға түскен қатерлі кезеңде сабыр етіп, індеттің кең етек алып кетуіне жол бермеуіміз қажет.

Коронавирус жаһан жұртшылығын біраз әбігерге салып, есеңгіретіп тастағаны анық. Пандемияның кесірі дүние жүзінің экономикасына дағдарыс әкелді. Алпауыт зауыт-фабрикалар өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Көлік атаулының қозғалысы шектелді. Әрине, бұл шектеулер біздің елімізде де енгізіліп, індеттің таралуына жол бермеу тұрақты назарда ұсталып отыр. Әлбетте, дәл қазіргі кезеңде кез-келген кәсіп саласына оңай соқпай тұрғаны анық. Дес, де бұл орайда үкімет тарапынан бизнесті ілгерілету, кәсіпкерлікті қайта қарыштандыру мәселесі күн тәртібінде қаралып жатқан өзекті бағытқа айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған үндеулерінде барлық әлеуметтік топтарға, кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылық саласына көрсетілетін алуан түрлі көмек туралы жан-жақты мәлімет берді. Бұл жағдайға Елбасымыз да өзіндік пікірін білдіріп, елдің ішіне іріткі салушылардың сөзіне назар аудармауға шақырды. Әрине, қалыптасып отырған жағдай оңай емес. Бұл – бүкіл әлем мемлекеттеріне түскен зор ауыртпашылық. Біз оны осындай сын сағатта септігін тигізетін халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз. Ол үшін бізге қажетті нәрсе – қаржы-қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түлік – бәрі бар. Алаңдайтын, абыржитын еш негіз жоқ. Әдетте жұрт көңілі алаң осындай кезді ел ішіне үрей таратып, байбалам салушылар өз мүддесіне пайдалануға тырысады. Мен халықты әртүрлі сондай азғырынды, арзан әңгімелерге еруден сақ болуға шақырамын. Шынымен көптің қамын көздейтін адам айғайшыл күшімен емес, игілікті ісімен қызмет еткені дұрыс. Ғайбат пен байбалам орнына ғылым-біліммен шұғылданған абзал, – деген ойы ұлы батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзімен үндеседі. Ендеше, ең үлкен байлық адам мен оның өмірі болғандықтан, әр адам өзінің, отбасының, ата-
анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына зор жанашырлықпен, ерекше жауапкершілікпен қарауы керек. Себебі, ұлт денсаулығы – тұтас мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі. «Бірлік жоқ жерде тірлік жоқ», – деген екен әйгілі данышпан Төле би. Береке-бірліктің алмайтын қамалы, бағындырмайтын биігі болмайды. Біз үшін ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап күткен, 30 жылға жуық уақыт бұрын қолымыз жеткен азаттықты мәңгі баянды етуден асқан мұрат жоқ. Қазақстан – халқымыз тату-тәтті және келісімде өмір сүріп жатқан ортақ шаңырағымыз. Алуандығымыз – бәсекелі және жаһандық әлемдегі біздің баға жетпес байлығымыз бен артықшылығымыз. Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген барлық табысымыздың қайнары – ең алдымен халқымыздың береке-бірлігі. Алла Тағала бізді осы бірлігімізден де, тірлігімізден де айырмасын.

Ержан ТОҚЫМБАЕВ,
қалалық мәслихат депутаты.

Комментарии закрыты.