СЕЗІМ ЖАС ТАЛҒАМАЙДЫ

Әңгіме жас айырмашылығына қарамастан, шынайы сүйіспеншілік сезіміне шомылған жұп жайлы. Әрине, махаббатқа «мас болған» ондай-ондай кез-келген кезеңде кездеседі. Біз қазақтың бес зиялысына тоқтадық.

Ермұхан мен Халима

Ортаазиялық университеттің филология факультетінде оқитын Халима Бекмұхамедова болашақ жарымен 1946 жылы Ташкенттегі Әлішер Навои атындағы кітапханада танысады. Ол қыздан 10 жас ересек еді. Білімді, тоқығаны тиянақты, келбеті келісті ғалым бәденді бойжеткенге бір көргеннен ғашық болады.

Алайда, арада алынбастай асу жатқан: Ермұхан үйленген, екі қызы бар. Уақыт өтіп, барлық сынақ артта қалып, көптен күткен сәт туғанда Ермұхан Бекмаханов тұтқындалады. «Алматыда қала алмай, есеп айырысуды күтпей, жұмыстан кеттім. Мәскеуге барып, Бас прокурордан жұбайыма араша түсуді, істі қайта қарауды өтіндім» дейді, ол естелігінде.

Қудалаудан құтылып, Алматыға оралған Ермұхан әбден әлсіреген еді. Соңғы Жаңа жылы – 1966 жылды отбасымен қарсы алған ол бірден ауруханаға түсті. Халима 41 жасында жесір қалды.

Сәкен мен Гүлбахрам

Екеуі Қызылжарда танысқан. Қыз сұңғақ бойлы, қос бұрымы тобығына түскен, сиса көйлегі мінсіз мүсініне жарасқан бойжеткен болатын. Ал, қашанда еуропалық үлгіде киінетін сырбаз Сәкенге тіпті сөз жоқ еді.

Сері Сәкен сезімнің «құлына» айналады. Одан өзіне тұрмысқа шығуды өтінеді. Ауылдың қарапайым қызы Сәкенге жарасымды жұп болуға жарамайтынын желеу еткен Гүлбахрам келісімін бермейді.

Сәкеннің сезімге суғарылған хаттары қыздың жүрегін «жібітеді». 1926 жылы желтоқсанда Қызылжарда үйлену тойы өтеді. Сәкен Сейфуллин тұтқындалғанда Гүлбахрам небары 28 жаста еді.

Басында бас сауғалап туысқанына тартады. Есін жиғасын, бел буып күреске кіріседі. НКВД біткеннің табалдырығын тоздырады, атышулы «АЛЖИР» тұтқыны да болады. Бірақ, оны ештеңе мойыта алмады.

Сәбит пен Мариям

Бұл жұп жарты ғасырдай бірге ғибратты ғұмыр кешті. Мариямның өмірі «Еркектің басын төрге сүйрейтін де, көрге сүйрейтін де әйел» деген сөздің дәйегіндей еді.

Мариям апа жазушының бірінші оқырманы, сыншысы және кеңесшісі ғана емес, шабыт шақыртатын музасы да бола білді. Өткен дәуірдің небір әдебиет ғұламасын жетік білетін ол күйеуінен қолынан келген көмегін аямады.

Жазушы жарының басты екі қасиеті: мейірімділік пен данагөйлік Сәбит Мұқановтың шығармашылықпен алаңсыз шұғылдануына кең жол ашты. «Нағыз ана мен жар қандай болуы керек?» дегенде, көпшілік ойланбай-ақ Мариям апайды алға тартатын.

Ал, оның қонақжайлығы көзі тірісінде-ақ аңызға айналып кетті. Екеуі алты балаға өмір сыйлады.

Ғабит пен Рая

«Егер менің өмірімде шынайы махаббат болған-болмағанын сұраса, «болды!» деп жауап берер едім. Ол – менің жалғызым Раечка» деп жазды өзінің сүйіктісі жөнінде жазушы Ғабит Мүсірепов.

Ғабит жас актриса Раиса Мұхамедиярованы 1962 жылы Жазушылар одағында жолықтырды. Сол кездесуден кейін жазушы оны жиі-жиі серуенге шақыруды шығарды. Ақыры екеуі у-шусыз үйлену тойын өткізді.

Балалы болған Рая бар бос уақытын қыздарына арнады. Күйеуін күтті, қолынан келген көмегін жасады. Осылай бес жыл өтті. Жас келіншек өнерге ұмтылды. Театрға тұрды. Әртүрлі өсекаяң кетті. Ақыры екеуі ажырасып тынды.

Өмірінің соңында сүйіктісін көргісі келген жазушы актрисаны шақыртады. Көзін ақырын ашып: «Кімсің?» деп сұрайды, танымайды. «Мен – Рая» дейді актриса. Жазушының жайлап созған қолын ұстай алады. Сүйіктісіне соңғы рет қараған жазушы көзін мәңгілікке жұмады.

Ілияс пен Диляра

Жалқы жүздесу ғұмырлық махаббатқа ұласты. Ілияс Есенберлин мен Диляра Жүсіпбекованы табыстырған – Алматы. Бір-біріне бір көргеннен ғашық болды. Көрікті қыздың көзқарасы тіпті керемет еді. Ішкі жан-дүниесі кіршіксіз таза болатын. Қызға кеудесі медальға толы жас офицер де ұнады.

Диляраның әкесі жаладан жазықсыз жапа шеккен. Қиянаттың құрбаны болған. Алайда, ол кезде істің ақ-қарасын ажыратып жатқан кім бар? «Халық жауының» қызына үйленбек түгілі, қырындаудың өзі қауіпті еді. Бірақ, Ілиясты ештеңе тоқтата алмады: «Мен сені сүйемін! Саған ғана үйленемін!». Айтты, бітті!

Адал жар жазушының шынайы жанашыры бола білді. Диляра апа оның қолжазбасын көздің қарашығындай сақтап қана қоймай, жемісті жұмыс істеуіне жағдай жасады. Ұзақ жыл тұрмысы төмендеу болса да, ерінің еңсесін түсірмеді. Сосын атақ-даңқпен бірге қомақты қаламақы да келе бастады, өмір оңға басты.

Әзірлеген Әли БЕК.

Комментарии закрыты.