Көңілде мол арман

Мамырдың 25 күні республиканың барлық білім ошақтарында мектеп түлектері үшін соңғы қоңырау соғылды. Осындай салтанатты рəсім Сəтбаев қаласының мектептерінде де ұйымдастырылды. Солардың бірі – №16 жалпы білім беретін орта мектепте өткен «Қош, мектебім, білімнің кəусар бұлағы» атты мерекелік іс-шара.

Бұл салтанатқа Сəтбаев қаласының əкімі Батырлан Ахметов, «Нұр Отан» ХДП Сəтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дəрібаев, қалалық білім, дене шынықтыру жəне спорт бөлімінің басшысы Шынар Жанасылова, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің педагогика жəне психология кафедрасының аға оқытушысы Қаракөз Əбдіғожина, №16 орта мектептің басшысы Қайрат Смайлов жəне ата-аналар қатысты.

Алғашқы болып сөз алған қала əкімі түлектерді құттықтап, аттағалы тұрған үлкен өмір жолдарына сəттілік тіледі. Өз кезектерінде Ш.Жанасылова мен Қ.Смайлов ата-аналарға деген жылы лебіздерін жеткізіп, мектеп бітірушілерге алдағы бірыңғай ұлттық тестілеуде жоғары көрсеткіштерге жетіп, қаламыздың көркеюіне, еліміздің өркендеуіне үлкен үлестерін қосуына тілектестік білдірді. Одан əрі сөз алған Қ.Əбдіғожина Жезқазған университетінің ректоры, профессор Ə.Тəкішевтің атынан мектеп директорына Алғыс хат тапсырды.

Мектеп басшысының оқу-тəрбие ісі жөніндегі орынбасары Қ.Жанасылова мектеп бітірушілерді мемлекеттік емтихан мен өз өтініштері негізінде бірыңғай ұлттық тестілеуге жіберу туралы бұйрықпен таныстырғаннан кейін, бірінші сынып оқушылары ортаға шығып, түлектерге «сəт сапар» тіледі. Ал, түлектер тарапынан бүлдіршіндерге естелік сыйлықтар табыс етілді.

Жиын барысында оқушылар «Мектебім», «Ұстазым», «Қош бол, мектебім!» атты əндерді орындап, барлық пəн мұғалімдеріне шын жүректерінен алғыстарын айтты.

Ұстаздар атынан 11 сынып жетекшісі Гүлбану Сейтбекқызы шəкірттеріне ҰБТ-дан жоғары ұпай жинап, мемлекеттік емтиханнан сүрінбей өтулерін тіледі. Ұл-қыздарына ақ тілегін ата-аналар қауымының атынан Сəуле Шыныбекова апай жеткізіп, ұстаздар ұжымына алғыс білдіріп, перзенттеріне батасын берді.

Салтанатты жиын мектеп кілтін тапсыру рəсімімен жалғасып, мектеп түлегі Диар Сматаев өз ізбасары, 10 сыныптың оқушысы Нұрсұлтан Қонысбайға кілтті ұстатты. Нұрсұлтан болса, ізбасарлар атынан «мектептің атын əрқашан биіктерде асқақтатып, білім мен тəрбиені қатар игеруге уəде» берді.

Содан соң, мерекенің ең толқулы сəтіне кезек жетті. Білім нəрімен сусындаған 11 жыл ішінде түлектер 20 мыңнан аса қоңырау үнін естіпті. Енді олар үшін ересек өмірге жол ашатын соңғы қоңырау соғылды. Бұл рəсімді мектеп түлектері Мирас Тұрғанбек пен Арайлым Ықыласова жəне озат біріншісыныптықтар Есен Əбдуали мен Назира Түсіпбекова жасады.

Кеш соңы түлектердің орындауындағы «Мектеп əнұраны» мен вальске ұласты.

Жалпы қала бойынша мектепті 441 оқушы бітірді. №16 орта мектепті бітірген 53 оқушының ішінде Əсемгүл Бейсекеева ең алғашқы «Үздік аттестатқа» үміткер болып отыр.

Келесі күні №16 орта мектепте «Біздің мектеп əр бала үшін!» тақырыбында мектепішілік оқу озаттарының жəне белсенді оқушылардың І слеті өтті. Слеттің мақсаты – оқушылардың шығармашылық, интеллектуалдық мүмкіндіктеріне қолдау көрсету, оқуға деген ынтасын арттыру.

Слетке оқу жылын үздік аяқтаған оқу озаттары, «Биоақпараттану жəне синергетика» технологиясы бойынша үздік деп танылған бір топ оқушылар қатысып, марапаттауға ие болды.

Біз өз тарапымыздан алдағы үлкен сын – бірыңғай ұлттық тестілеуден қаламыздың барлық түлектері сүрінбей өтулеріне тілектеспіз!

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.