Кітапханаға Баубек есімі берілсе…

Ұлы Отан соғысы жылдарында ұлттық әскери әдебиеттің дамуына үлес қосқан жауынгер жазушы Баубек Бұлқышев еді. Әдебиетте жарқ етіп көрініп, тез сөнген, жастай кеткен Баубек Бұлқышев Қарағанды облысының Ұлытау өңірінде, қазіргі «Аманкелді» кеңшарында 1916 жылы туған. Балалық дәуірдің балғын бесігінен жаңа аттаған шағында Баубек әуелі шешесінен, артынан әкесінен айырылып, жетім қалады. Алғашқыда ауыл мектебінен оқып сауатын ашады. Бұдан былайғы оқуына жақын туысы мұғалім Сейтжан Смайлов көп ықпал жасайды. Баубек жастайынан алғыр, өжет боп өсті. Сейтжан ағасының көмегімен 1932 жылы Қарсақбай заводындағы фабрика завод училищесіне келіп оқуға түседі. ФЗУ-ды бітіргеннен кейін Баубек 1933-1934 жылдары «Ұлытау» совхозында түрлі шағын қызметте болады. Осы уақыттан бастап ол көркем әдебиетті құмарта оқиды. 1935 жылы тамыздың орта кезінде Баубек оқу іздеп Алматыға келеді. Институтқа түсерлік тиісті білімі болмағандықтан, техникумдардың бірін қалауға тура келеді. Өзімен бірге келген ересек жолдастарымен есеп экономика техникумының даярлық курсына түседі. Оның оқуға, өмірге деген құштарлығын мына өзі жазған хаттарының біреуінен байқауға болады.

«Менің он тоғыз жасымда бар ойым оқуда, қызмет жайында және несін жасырайын, атақ жайында болатын. Мен толып жатқан өнер жайын ойлаушы едім. Алдымен ақын болғым келетін. Пушкин мен Лермонтовты, Гете мен Гейнені, Байрон мен Шиллерді оқығанда біржола сүңгіп кетуші едім. Бұл ақындар маған қатты ұнайтын да күні-түні басымды көтермей оқитынмын. Мен күйші де болғым келетін. Чайковский мен Глинканы, Бетховен мен Шопенді ерекше құмартып тыңдаушы едім. Мен өзімшіл екем, әрі ақын, әрі күйші болғым келетін. Жоқ, шынын айтсам, маған ол аз еді. Менен гөрі ересек жолдастарым мен бірге туған ағаларым институт бітіріп, біреуі инженер, біреуі тарихшы болып шыққанда, осы мамандықтар түгелімен менде де болса деуші едім. Өмір үшін, жас жігіт үшін, әрине бұ да аз…»

Міне, осындай ұшқыр қиял, асқақ арман, биік мұрат Баубектің бойына дарыған қасиеттер еді. Майданға аттанған Баубек қатардағы жауынгерден офицерлік дәрежеге дейін көтерілді. 1944 жылы ақпан айының ішінде Украинаның Ново-Юльевка селосы маңында саперлік міндетін атқарып жүріп опат болды. «Ғалымның өзі өлсе де, сөзі өлмейді» демекші, өзі кеткенмен оның ержүректілігі, батырлығы мен еңбектерінің ізі өшкен емес. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында туған еліне еңбегі сіңген, туған жеріне қамқор бола білген азаматтарды келер ұрпаққа үлгі етуді, оларды дәріптеу керектігін айтқаны белгілі, олай болса, жерлесіміз Баубек Бұлқышев сол туған елі дәріптеуге, құрметтеуге, жас ұрпаққа үлгі етуге лайықты тұлғаларымыздың бірі. Осындай батырларымызды ел есінде мәңгі қалдыру үшін, көшелерге есімін беріп, қызмет еткен, тұрған үйлерінің қабырғасына ескерткіш тақта орнату жұмыстары жүргізілетіні белгілі.

Біз де Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойына байланысты Баубек Бұлқышевты есте қалдыру мақсатында, осындай игі шараны қолға алсақ, артық болмас. Осы тұста қаламыздағы мәдени ошақтың бірі саналатын орталықтандырылған кітапхана жүйесіне Баубек Бұлқышев есімі берілсе, нұр үстіне нұр емес пе?! Бұл көтеріп отырған бастама қолдау тауып жатса, батыр алдында бәріміздің де жүзіміз жарқын болар еді.

Кітапхана ұжымы.

Комментарии закрыты.