Шағынмаркет ашылды

Өткен аптаның соңын ала қаламыздағы «Нұрлы мекен» шағынауданында жаңадан салынған шағынмаркет ашылып, сауда жасауға кірісті. Екі ай елдің дегбірін қашырған коронавируске қарсы төтенше жағдайдан кейінгі алғашқы қуанышты сәтті шағынауданның жұртшылығы шат-шадыман қарсы алды.

Осыдан бірер жыл бұрын Кеңгір кентінде ашылған «Ұлы Дала» супермаркеті қанаттас жатқан қос қаланың жұртшылығы жиі жиналатын сауда орнына айналған еді. Осындай дүкен екі қаладан да ашылса деген елдің арманы да жоқ емес-тін. Міне, сол арман бүгінде орындалып, елді қуанышқа бөлеп отыр. «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен салынған «Ұлы Дала» супермаркеті бүгінде ірі сауда желісіне айналды. Сәтбаев және Жезқазған қалаларының әрқайсында шағынмаркеттер салынып, солардың алды бүгінде ел игілігіне берілуде.

Шағынмаркеттің ашылу салтанатына қала әкімі Асқар Ыдырысов пен «Қазақмыс коппер» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Бақтияр Қырықпышев арнайы қатысып, шағынмаркеттің лентасын қиып, жұртшылықты қуанышты сәттерімен құттықтады.

Лауазымды тұлғалар елдің әлеуметтік жағдайын жақсарту жолында билік пен бизнес бірлесіп түрлі жобаларды жүзеге асыратынын жеткізді. Қазірдің өзінде қанаттас жатқан қос қалада «Ұлы Дала» сауда жүйесінің он-оннан шағынмаркеттерінің пайдалануға беріліп жатқанын айтты. Осы мамыр айының соңына дейін Сәтбаев қаласында осындай төрт сауда орны ашылмақ. Күзге дейін қалада барлығы он «Ұлы Дала» шағынмаркеті жұмыс істейтін болады.

Орайы келгенде айта кетейік, шағынмаркетте әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік, нан-тоқаш өнімдері, жеміс-жидек халыққа қол жетімді бағамен сатылатын болады. Мұнда, сондай-ақ, арнайы әлеуметтік сөре де жабдықталған.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.