Тосады жол алдан

Қаламызда биылғы жылы мектеп қабырғасынан 441 жас түлек қанат қақты. Оның он үші «Алтын белгіге», жетеуі ерекше үлгідегі аттестатқа үміткер. Білімнің қарашаңырағы – №27 орта мектепті биыл 20 оқушы аяқтады. Кеше ғана тұлымдары желбіреп, алғашқы ұстаздарына еркелей келген жас бүлдіршіндер бүгін ойы толысқан ұл-қыздар атанып, өмірдің даңғыл жолына түскелі тұр.

Мектеп бітіруші түлектерге арналған соңғы қоңырау салтанатын мектеп басшысы Алма Сұлтанова білім ордасынан ұшырғалы отырған балапандарына ұстаздық, аналық жылы лебіздерін арнап ашты. Одан кейін ұлағатты ұстаз, Ы.Алтынсарин атындағы белгінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Шабал Бейсенбекова немерелеріне əжелік ақ батасын берді. Қарашаңырақтан түлеп ұшқалы тұрған түлектеріне қалалық кəсіпкерлік бөлімнің бас маманы Нұржан Кенжеғұлов пен экономика жəне бюджетті жоспарлау бөлімінің бас маманы Шапағат Əубəкір, білім, денешынықтыру жəне спорт бөлімінің əдіскері Қымбат Жарасова сəт сапар тіледі.

Аймағымыздағы жоғарғы оқу орны – Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің дизайн, бейнелеу өнері жəне технология кафедрасының меңгерушісі Өмірхан Жүнісбеков мектеп ұжымына университет ректоры Əбділмəлік Тəкішевтің Алғыс хатын табыстап, жас түлектерге дұрыс шешім жасап, шынайы мамандықтарының иесі болуына тілектестігін білдірді.

Салтанатты жиын барысында əр оқушының он бір жыл бойы жеткен жетістіктері аталып, екі сыныптың жетекшілері Əсия Мұңсызбаева мен Балғайша Шүкенова оқушыларын əртүрлі номинациялар бойынша марапаттады. Биылғы жылы мектептен 1 оқушы «Алтын белгіге», 1 оқушы ерекше үлгідегі аттестатқа үміткер болып отыр.

Соңғы қоңыраудың сылдырынан кейін кезек əсем əндер мен мың бұралған билерге берілді. Ата-аналар да балаларын құттықтап, қара шаңырақтың ұстаздарына алғыстарын білдірді. Осыдан он бір жыл бұрын алғаш қалам ұстатып, əліппені жаттатқан ардақты ұстаздары да оқушыларына сенім артатындықтарын білдірді.

Үлкен өмір баспалдағына жол ашқан соңғы қоңырауды 1 сыныптың озат оқушысы Сəбина Əбдірашит соқты.

Болашақтың іргетасын қалауға бет алған жас түлектер, жолдарың болсын!

Жас түлектерге арнап кешкілік Кеншілер алаңында концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.