АРЫСТАР АМАНАТЫ

Саяси қуғын-сүргін – тек қазақтың басына түскен нәубет емес, қаншама халық білімді, зиялы азаматынан айырылды. Сайқал саясаттың салқыны шарпымағаны кемде-кем. Сорақысы сол, атылған-шабылған арыстардың арасында хат танымайтын, саясатпен шаруасы жоқ жазықсыз жан да кетті.

Мен сол кездегі саясаттың соқырлығы емес, арыстардың елге деген сүйіспеншілігі, жеткіншек ұрпаққа деген сенімі, ұлттың ертеңі үшін жанталаса жасаған еңбегі жайында айтқым келеді. Ғұмыры қуғын-сүргінмен өтсе де, жасаған еңбегі мен шығармасы, өлең-жыры бүгінгі ұрпаққа рухани азық болуда.
Сәкен Сейфуллиннің «Ақсақ киік» өлеңін толқымай, тебіренбей оқу мүмкін емес. Ал, «Тар жол, тайғақ кешу» туындысында қаншама тағдыр мен тұтас заман көрініс тап-
қан?! Әр жастың жігерін жанып, жарқын болашаққа сенімін арттырған Мағжанның «Мен жастарға сенемін» өлеңі ше? Соңғы демі таусылғанша еліне, ұлт болашағына қисапсыз қызмет етіп кеткен Әлихан Бөкейхан жайлы сағаттап айтуға болады.
Ол – ормантанушы, экономист, мал шаруашылығын зерттеуді ғылыми жолға қоюшы, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы, әрі публицист. Қазақ тарихында өшпес із қалдырған танымал тұлға. Шыңғысханның тұңғышы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Арғы атасы – атақты Сұлтан Барақ.
Әлиханды әкесі тоғыз жасында Қарқаралыға апарып, молдаға оқуға береді. Бірақ, зерделі бала мектепте оқып жүрген тұрғыласының сауаттылығын аңғарып, қаладағы үш кластық бастауыш мектепке өз еркімен ауысып алады. Кейін қазақ балаларына арналған мектепті, Омбы техникалық училищесін бітіреді, Санкт-Петербургтегі Орман технологиялық институтында оқиды.
Институтта ол В.Ленинмен танысып, біршама қоғамдық жұмыс атқарады. Экспедиция құрамында қазақ даласындағы жан мен мал санағын жүргізіп, оны қағазға түсіреді. Қазақ даласының картасын сызып, В.Ленинге мөр бастырып, құнды құжатқа айналуына ықпал етеді. Тоғыз тілді еркін меңгерген ол өзге ұлттың шығармасы мен оқулығын қазақшаға аударады. Оның білімге құштарлығы, ұлтына сүйіспеншілігі әр еңбегінен аңғарылады.
Құрылтайдан оралысымен Алаш партиясын құруға кіріседі. Артынша, 1917 жылы желтоқсанда Екінші жалпықазақ съезі Алаш автономиясын жариялап, Ә.Бөкейхан тұңғыш төрағасы болып сайланады. Ол 1926 жылы екі рет тұтқындалып, түрме азабын тартты. Ерен ықпалы мен зор беделінен қорыққан большевиктер өкіметі оны еліне жолатпауға тырысты. Мәскеуде он жыл үй қамауында отырған Әлиханды 1937 жылы тамызда тұтқындап, бір айдан кейін жалған жаламен 71 жасында Мәскеуде ату жазасына кесті.
1989 жылы 14 мамырда КСРО Жоғарғы сотының қаулысымен әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан, ақталды. Бар саналы ғұмырында елінің болашағы үшін еңбек еткен азаматты қуғын-сүргін де, түрме азабы да арман-мақсатынан айыра алмады. Бүгінгі ұрпақ біздің болашақ үшін басын бәйгеге тігіп, тарихта аты мен хаты қалған арыстардың аманатына адал болып, олар армандаған жарқын заман құруға тиіс.

Айнаш БЕГІМ.

Комментарии закрыты.