Жүргізуші де, жүргінші де жауапты

Жол-көлік оқиғаларын болдырмау жəне жүргіншілердің өмірін сақтап қалу мақсатында мамыр айының 23-25 аралығында қала көшелерінде дəстүрлі «Қауіпсіз жол» акциясы өтті. Соған сəйкес, жол полициясы қызметкерлері қоғамдық ұйымдармен, жол жасақтарымен жəне баспасөз өкілдерімен бірлесіп рейдтер өткізіп, қозғалыс ережесімен байланысты тақырыптық кездесулер ұйымдастырды.

– Жедел алдын алу іс-шарасының мақсаты – жол қозғалысы ережелерін бұзуға тыйым салу, оның талаптарын елемеген, қауіпсіздік белбеуін пайдаланбаған, көлік құралын басқару кезінде ұялы телефонмен сөйлескен жүргізушілерді əшкерелеу. Сондай-ақ, апат белгілері бар автокөліктерді айқындау болып табылады. Аталмыш акция өткізілген күндері жол полициясы бөлімшелерінің жеке құрамы күшейтілген негізде қызмет атқарды, – деді қалалық жол полициясы бөлімінің бастығы Ноян Жеңсікбаев.

Жол полицейлерінің жедел іс жүргізу нəтижесінде үш күнде жол қозғалысы ережесін бұзған 62 жүргізуші анықталып, оларға əкімшілік хаттама толтырылды. Оның үшеуі көлікті мас күйінде басқарған болса, қалғандары жылдамдықты шектен тыс асырғандар. Сонымен бірге, іс-шараны өткізу кезінде жол қауіпсіздігі ережесін бұзғаны үшін 3 жаяу жүргіншілер əкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жалпы, жыл басынан бастап қаламызда 9 жол-көлік оқиғасы орын алып, оның салдарынан 2 адам көз жұмған. Сондай-ақ, 11 жолаушы əр түрлі деңгейдегі дене жарақаттарын алған.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.