Іздеген жанға жұмыс бар

Жұмыспен қамту – елдің әлеуетін жақсартып, экономикалық белсенділікті көтерудің ең өзекті һәм оңтайлы бағытының бірі. Сондықтан, дағдарыс кезеңінде халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпалдасудың маңызы зор. Осы орайда мемлекет ұсынған бағдарламаларға иек артқан ләзім. Үкімет бекіткен Жұмыспен қамту жол картасы да жұмыссыз жүргендерге «іздегенге-сұраған» игілік болып отыр. Екі қолға бір күрек таппай жүргендердің енді құрылыс, абаттандыру, жол жөндеу секілді инфрақұрылымдық жобалар негізінде тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндігі бар.

Үкіметтің сәуірдегі селекторлық отырысында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетов жұмыспен қамту Жол картасы аясында еңбекақы 85 мың теңгеден төмен емес 242 мың жұмыс орны ашылады деп мәлімдеген еді. Министр сол жұмысқа шақырылған азаматтардың кемінде жартысын жұмыссыз жастарға назар аударып, халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы тарту қажеттігін басты назарға қойды. Ол үшін жергілікті атқарушы органдар мобильді пункттер құрып, жұмысқа тарту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Осы тапсырмаға сәйкес Сәтбаев қалалық жұмыспен қамту орталығы мамыр айының басынан жылжымалы бекет жұмысын жандандырып, тұрғындарға ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Күні бүгінге дейін жол картасы аясында жұмыссыз жүрген 150 азамат 14 нысанға орналасып үлгерді.

– Қаламызда жұмыс жоқ емес, бар. Оны жүргізіліп жатқан қарқынды құрылыстардан, көшені абаттандыру, жол жөндеу секілді жұмыстардан анық байқауға болады. Сол нысандарға жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар. Жалақы 85 мыңнан жоғары. Ал мамандығына сай жұмыс табылмаса, бастапқы кәсіптерді меңгеруге болады. Біз өз тарапымыздан тұрғындарды тұрақты жұмысқа орналастыруға септесеміз. Қазіргі уақытта бізде жұмыссыз есебінде тұрғандардың біршамасы осы Жол картасы негізінде еңбекпен қамтылды. Бекеттің жұмысы жыл соңына дейін жалғасады. Барлық сұрақтар бойынша Наурыз көшесі 148 мекен-жайында орналасқан жұмыспен қамту орталығынан немесе 7-01-71 телефон нөміріне хабарласып білуге болады, – дейді орталық маманы Алмагүл Бисариева.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.