Соғыста да, еңбекте де алғы шепте болды

Биыл Ұлы Жеңіске 75 жыл толып отыр. Осы мерейлі мерекеге орай әркім өзінің майдангер ата, әкелері жайлы естелік жазып, ұрпаққа үлгі етуде. Осындай оймен мен де қолыма қалам алып отырмын. Ал, әңгімеге арқау болып отырған кісі менің әкем Арғынбайдың немере ағасы – Қоян Бейілов.

Қоянның әкесі Бейіл саналы ғұмырын ұсталыққа арнаған кісі екен. Дүниеге екі ұл әкелген отбасының ұйытқысы Әлиман шешеміз бала тәрбиесімен айналысқан. Үкен ұлы Қоян 1918 жылы туса, екіншісі ұлы Шәкір 1923 жылы туған.

1936 жылы болуы керек, Бейіл әкеміздің отбасы оңтүстіктен Қарағанды облысы, Жезді ауданы, Аралтөбе елді мекеніне көшіп келеді.

Қоян әкеміз 1938 жылы Қарсақбайда ұста болып еңбек жолын бастаған. Ал, Шәкір ауылда қалған. 1939 жылы Қоян Бейілов Қиыр Шығысқа Қызыл Әскер қатарына шақырылады. Ал, Шәкір әкеміз 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Қызыл Әскер қатарына шақырылады да, 1942 жылы Прибалтика өңірінде ерлікпен қаза табады. Ол кісі сол жердегі «Жауынгерлер зиратында» жерленген.

Ал енді Қоян әкей 1945 жылы неміс-фашистері талқандалғаннан кейін шығысқа барып жапондармен соғысып, Қытайдың Харбин деген қаласында кеудесінен жарақат алады. Медсанбатта емделіп, тағы да өзінің бөлімшесіне келіп, Қытайды жапон милитаристерінен азат еткен соң, 1946 жылы елге қайтады.

Елге келген соң екі жыл Рудник елді мекенінде геологиялық барлау партиясында ұста болып жұмыс істейді. Бәшік деген қызға үйленіп, отау құрады.

1948 жылы Аралтөбе колхозына, әкесінің қолына көшіп барып, 1969 жылға дейін аға шопан болып еңбек етті. Ол колхоз кейін Жетіқоныр совхозы болып аталды. Шопан еңбегі жеміссіз болған жоқ. Қоян әкеміз 1958 жылы «Құрмет Белгісі», 1966 жылы «Ленин» ордендерімен марапатталды. Сол кездегі Қарағанды облысының обком мүшесі болған. Көптеген грамоталармен марапатталады. Кезінде Алматыда «Шопандар слетіне» қатысып, Дінмұхамед Қонаевтың қолынан «Мақтау грамотасын» алғанын мақтанышпен айтатын.

1970 жылы Рудник кентіне көшіп келіп, Төртінші елді мекенінде тұрды. Жезқазған шахта құрылыс тресінің механикалық цехына ұста болып жұмысқа орналасты. Сол жерде 1973 жылға дейін жұмыс істеп, 55 жасында зейнеткерлікке шықты.

Соғыс және еңбек ардагері Қоян Бейілов 1997 жылы дүниеден озды. Бұл күнде 7 баласынан тараған ошағының жылуын сөндірмес ұрпақтары 20 немере, 30 шөбере, 1 шөпшек бар.

Дәулет АРҒЫНБАЙҰЛЫ, зейнеткер.

Комментарии закрыты.