Үздіктер мен белсенділер марапатталды

Қала мектептерінде оқу жылының соңында үздіктер мен белсенді оқушыларды, тəжірибесі мен тəлімі мол ұстаздарды ұлықтау мақсатында «Үздіктер мен белсенділер слетін» өткізу дəстүрге айналған.

Осындай дəстүр білім нəрімен сусындатып отырған №3 орта мектепте де қалыптасқан. Мектеп басшысы Мереке Байбекованың басшылығымен өткен биылғы жылғы слетте үздік оқып, қалалық, облыстық, республикалық деңгейде білім, спорт, өнер саласындағы жетістіктерін көрсетіп жүрген оқушылар мен ұстаздар марапатталды.

Слет салтанатты түрде Əнұранмен ашылып, марапаттауларға ұласты. Бұл білім ордасынан 2011-2012 оқу жылында М.Байбекова қала əкімінің «Əдіскер ұстаз» номинациясын, физика пəнінің мұғалімі Айгүл Жүнісова «Жаңашыл ұстаз» номинациясын, мектеп басшысының тəрбие ісі жөніндегі орынбасары Шолпан Адамьянова «Үздік үйымдастырушы» номинациясының лауреаты атанды. Айтжан Естаева мен Гүлнар Құрманбаева Қарағанды облысы білім басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды. Ал, жас мамандардың қатарынан қалалық деңгейде өткен «Үздік мамандық иесі» байқауынан Арайлым Қазиева ІІІ орынды иеленді. Бағдат Арынова жылдың «Үздік сынып жетекшісі» атағына лайық деп танылды. Слетте аталған ұстаздарға құрмет көрсетілді. Сондай-ақ, бірінші санатты бастауыш сыныптың мұғалімі Бақыт Құланбаеваның жас шыбықты қатайтып, буынын бекітудегі орасан зор еңбегіне алғыс айтылды.

Мектеп ұжымының қалалық деңгейде өткен іс-шараларда белсенділік танытып, жеткен жетістіктері де аталып өтілді. Облыстық интернет-олимпиадаға қатысқан Əсем Алпысова, Эльмира Макишева, Гүлмира Орынтаева, Баян Махамбетова сынды ұстаздардың есімдері құрметпен аталды.

Одан кейін үздік оқыған, белсенділік танытып көзге түскен оқушыларды марапаттау рəсімі өтті. Биылғы оқу жылында қырыққа тарта оқушы білім деңгейлерінің жоғары екендіктерін көрсетті. Əр түрлі қалалық, облыстық деңгейде өткен білім сайыстары мен спорттық, өнер жарыстарына қатысып жеңімпаз атанғандардың қатары көп. Əрине, мұның бəрі ұстаз еңбегінің арқасы. Осы дарынды да білімді шəкірттерді дайындаған мектеп ұстаздары мен ата-аналарға мектеп басшысының атынан алғыс жарияланды.

Слеттің көркін мектеп оқушыларының мың бұралған билері, əуелете салған əндері əрлендіріп отырды.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.