Қасиетті мұрамыз

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін деген болатын. Ана тілімізді мемлекеттік тіл ретінде барынша жандандырып, ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру керек екендігі даусыз. Дегенмен, елімізде өзге ұлт өкілдері қатынас құралы ретінде орыс тілін жиірек қолданады. Өзіміз де көбіне орыс тілінде сөйлесіп жатамыз. Барлық қазақстандықтардың басын тек қазақ тілі қосуы керек. Сонда ғана мемлекеттік тілдің мәртебесі биік болады. Тілі мықты елдің рухы қашанда мықты болмақ. Елбасымыз да халықтың болашағы туралы тереңнен толғай отырып, «мемлекеттің ең басты дүниесі тек қана байлық емес, ана тіліміздің болашағы» деген болатын. «Өз тіліңді біл, өзге тілді құрметте» қағидасын қалыптастыру керек деп ойлаймын. Өйткені, өзгеріс өзімізден, болашақ бүгіннен басталады.

Ана тілінің қадір-қасиетін білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі не? Себебі, тіл халықтың жаны, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін де ана тілі мен ата дәстүрі. Тіл – қасиетті мұрамыз. Мемлекеттік тіл мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатындықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Тілімізді сақтау және өркендету бәріміздің ортақ міндетіміз. Олай болса, Президентіміздің ана тілімізге деген жанашырлығы жолындағы істеріне қолдау көрсетейік.

Мергүл ҮРПІШ,
балалар мен жасөспірімдер кітапханасының әдіскері.

Комментарии закрыты.