КӨК БАЙРАҚты желбіретті Сәтбаевтың төрінде

Замана көшіне ілескен Қазақстан мемлекеті өз алдына ел болып, Тəуелсіздігін жариялап, шекарасын бекіткен жас мемлекет болса да, əлемдік аренада аты дүниежүзіне мəшһүр болды. Елдің асқақтығын – Əнұран, даламыздың кеңдігін – Көк байрақ, еркіндіктің белгісін – Елтаңба паш етіп тұр əлемге. Тарих қойнауына кеткен сонау 1992 жылдан бері Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың Жарлығымен 4 маусым Мемлекеттік рəміздер күні ретінде аталып келеді. Былтырғы жылы ғана толайым табыстармен ел Тəуелсіздігінің 20 жылдығын атап өткен еліміз, биыл осы басты нышандарымыздың 20 жылдық мерейлі мерекесін атап өтті.

Мемлекеттік рəміздердің 20 жылдығына арналған Кеншілер алаңында «Мен – Қазақстан азаматымын» тақырыбында облыстық форум өтті. Форумға облыс əкімінің орынбасары Жанбол Жылбаев, қала əкімі Батырлан Ахметов, қалалық мəслихаттың хатшысы Серік Имамбай, қаланың Құрметті азаматтары мен қалалық мекемелердің басшылары қатысты. Аймақтың түкпір-түкпірінен келген делегаттар алаңда бой түзеді. Абай, Ақтоғай, Бұхар жырау, Жаңаарқа, Қарқаралы, Нұра, Осакаров, Ұлытау, Шет аудандары мен Қарағанды, Балқаш, Қаражал, Приозерск, Сарань, Жезқазған жəне Сəтбаев қалаларының патриоттары бас қосқан алқалы жиында көк байрағымызды «Қанатты гвардия» ҚБ тəрбиеленушілері сахна төріне алып шықаннан соң, Қазақстан Республикасының мемлекеттік Əнұраны орындалды. Салтанатты митингте сөз сөйлеген облыс əкімінің орынбасары Ж.Жылбаев бабалар аңсаған Тəуелсіздіктің 20 жылының ішінде жеткен жетістіктерімізге тоқтала келе, рухымызды асқақтатып, ерекше бір сезімге бөлейтін нышандарымыздың 20 жылдық мерейлі мерекесімен кеншілер қаласының жұртшылығын құттықтады. – Намысын ту еткен Алаштың баласы бүгінде əлем мойындаған елге айналды. Көк байрақ желбіреп, Əнұран асқақтап, Елтаңба еркіндіктің алтын қазығына айналып тұр. Ұлттың алдағы көшін бастайтын жас буынның осы нышандарды құрметтейтініне біз сенеміз, – дей келе Жанбол Октябрұлы Қарағанды облысының қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, азаматтық ұстанымы мен қазақстандық патриотизмді дамытуға үлес қосқан бір топ патриоттарды Алғыс хатпен марапаттады. Облыс əкімі орынбасарының Алғыс хатына ие болғандардың қатарында жерлесіміз, қалалық емхананың травматолог-дəрігері, жас маман Нұралы Сайдуллаев та бар. – Елінің Əнұраны шырқалып, Көк байрағы желбірегенде селт етпейтін жүрек жоқ шығар, сірə?! Ұлтымыздың айшығына айналған мемлекеттік рəміздердің 20 жылдығында облыс əкімінің орынбасары Жанбол Октябрұлының қолынан Алғыс хат алғанымыз мақтаныш əрі үлкен жауапкершілік жүктейді. Алдағы уақытта да елімнің патриоты ретінде денсаулық саласында өз қол таңбамды қалдырып, ел дамуына, қаламыздың өркендеуіне үлес қоссам деймін, – деді жас маман.

Қала жұртшылығын қала басшысы Батырлан Ахметов құттықтап, жас патриоттарға сəттілік тіледі. – Өткеннен сабақ алып, ертеңге бағыт-бағдар ұстанатын еліміз жас патриоттарымен мақтанады. Алғы буынның ізін жалғап, Қазақстан мемлекетінің даму жолында еңбек ететін сендердің мемлекеттік нышандарға деген құрметтерің ерекше болуы керек, – деді өз сөзінде Батырлан Дүйсенбайұлы.

Форумның мəн-маңызын жергілікті əншілер – Айдын Ділдебаев, Бұлбұл Берліқұлова, Темірлан Сайлаубектің орындауындағы «Жаңа ғасыр, Қазақстан», «Айгөлек» республикалық балалар байқауының лауреаты Жансая Керменбаева мен Дина Садырбекова шырқаған «Сəлем саған, туған ел» əндері мен «Импульс» үлгілі би тобының «Жас батыр» биі аша түсті.

Одан кейін өз қалаларының шынайы патриоттары – қаламыздың Құрметті азаматы, ақын Мұса Тілеуов, Осакаров ауданының жас мұғалімі Арайлым Сағынтаева мен жас көшбасшы, Қарағанды облыстық «Жас Отан» Жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұржан Жетпісбаев сахна төріне көтеріліп, мемлекеттік рəміздер күнімен құттықтап, нышандарды құрметтеуге шақырды.

Жастардың бойына ұлтжандылық пен отансүйгіштікті, айбынымызды асқақтатар нышандарымызды құрметтеуге үндеген форум «Атамекен» əнімен аяқталды.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.