Кеншілер қаласының келешегі кемел

Апта басында Қарағанды облысы əкімінің орынбасары Жанбол Жылбаев қаламызға іссапармен келіп, мемлекеттік рəміздердің 20 жылдығында қаладағы маңызды əлеуметтік маңызы бар нысандармен танысты.

Ж.Жылбаев іссапарын қаладағы мектепке дейінгі 320 баланы қамтып отырған «Нұрбөбек» балабақшасымен танысудан бастады. Онымен Қарағанды облысы Білім басқармасы бастығының орынбасары Жарас Шонаев, Спорт басқармасы бастығының міндетін атқарушы Рустам Қожабеков, қала əкімі Батырлан Ахметов, қала əкімінің орынбасары Марал Мəдиева еріп жүрді. Қалалық білім, денешынықтыру жəне спорт бөлімінің бастығы Шынар Жанасылова мен балабақша бастығы Жамалқия Жаппасова жас буынды тəрбиелеудегі атқарып отырған жұмыстарын баяндады. «Балапан» бағдарламасының аясында 2009 жылы қолданысқа берілген балабақша бүгінгі заман талабына сай жабдықталған. Балабақшада 5 орыс тобы, 8 қазақ тобы бар. Жас буынды тəрбиелеудегі балабақшаның жұмысы «Сəтбаев – балаға мейірімді қала» жобасына негізделген. Жанбол Октябрұлы балабақшаның жұмысына оң бағасын беріп, ұжымның өскелең ұрпақты тəрбиелеудегі істеріне сəттілік тіледі.

«100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша бой көтерген №15 жалпы білім беретін мектепте болған Ж.Жылбаев астаналық үлгіде салынған мектептің кеңдігі мен жаңа талаптарға сай жабдықталғанына көз жеткізді. Мектеп басшысы Аманкүл Тлемісова мектептің тыныс-тіршілігімен таныстырды. 1200 бала білім нəрімен сусындап отырған мектепте мектеп жасына дейінгі балаларды тəрбиелейтін шағын орталық, 750 орындық мəжіліс залы, сондай-ақ, шағын ботаникалық бағы бар. Мектеп қазір жазғы сауықтыру орталығына айналған. Оқушылардың жазғы демалысын бос жүріспен өткізбей, осындай сауықтыру орталықтарында жүріп, біліміне білім, денсаулығына күтім беретін мұндай істі жүзеге асырып отырған қала басшылығына, білім бөлімі мен мектеп басшысына ризашылығын білдірді.

Облыс əкімінің орынбасары бастаған топ одан кейін əлемнің санаулы ғана елінде кездесетін спорттық-сауықтыру кешенімен танысты. Кешеннің бастығы Юрий Апарин футбол манежінің, мұз сарайының, жүзу бассейнінің бүгінгі таңда сəтбаевтық тұрғындар игілігіне жарап тұрғанын жеткізді. Кешеннің айналасы жазғы уақыттарда қала тұрғындарының кешкілік серуендейтін орталықтарының біріне айналды. Алпауыт компания «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен қайта жанданып, кеніштерге мамандар даярлайтын «Қазақмыс» корпорациясының технологиялық колледжінің тыныс-тіршілігімен танысуға атбасын тіреген Ж.Жылбаевты колледж директоры Елена Букашкина мамандар даярлау ісіндегі озық технологиялармен таныстырып, ақпарат берді. Колледжде мыңға тарта студент білім алуда. Олар колледждің дипломын иеленген соң кеніштерге жұмысқа орналастырылады.

Кеншілер қаласының əлеуметтік-экономикалық даму деңгейімен танысқан аймақ басшысының орынбасары Жанбол Жылбаев кенді қаланың келешегі кемелдене түсетініне сенім білдірді.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.