Тәуелсіздіктің символы

Мемлекеттік рәміздер – еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі, халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Яғни қазіргі таңда ұлттар мен ұлттық мемлекеттердің нағыз өзекті мәселелері экономика, саясат, қорғаныс саласымен емес, керісінше, ұлттың басты құндылығы болып табылатын ұлттық нышандармен тығыз байланысты.

Мемлекеттік рәміздер ұлттық бірегейліктің қалыптасу тірегі және әрбір мемлекеттің дамуының ажырамас бір бөлігі болып табылады. Рәміздер тарихы алғашқы қоғамдағы тотемге табынудан бастап, кейін түркілер дәуіріндегі көк бөріге табыну, Орта ғасырдағы хандықтар мен патшалықтардың елтаңбалары мен жалаулары және теңгелеріндегі айшықты белгілерімен сабақтасады. Қазіргі кезде еліміздің мемлекеттік рәміздері оның беткеұстар құжаты сияқты бірегей негіздері мен салт-дәстүрін айқындап көрсетеді. Көп көлемде мемлекеттік биліктің рәміздері кез келген мемлекеттің негізін құрайтын тұжырымдамасы – ұлттық идеяда көрініс табуы тиіс. Ал нақты ұлттық идея тікелей сол халықтың арасында қалыптасады. Саяси жүйенің көшбасшылары уақыт өте келе ауысып отыруы мүмкін, бірақ, халық өзінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан, ғасырлар бойы иемденген және жоғалтып алған ұлттық құндылықтарымен, жағымды және жағымсыз қасиеттерімен қалады, сонымен қатар, өзара ұлттық менталитетті қалыптастырады. Мемлекеттік рәміздер мәдениетіміз, тарихымыз бен менталитетіміздің көркем туындысы болуы керек. Еліміздің азаматтарының рәміздерге деген қарым-қатынасы, олардың қаншалықты деңгейде өздерін осы елдің азаматы санайтындықтарының және болашаққа сенімінің, отансүйгіштіктің көрсеткіші іспеттес. Еліміздің ежелден аңсаған Тәуелсіздігіне қол жеткізіп, қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының қайта жаңғыруы, мемлекеттік рәміздердің бекітілуі болашақ дамуға бет алған егемен еліміз үшін ерекше құбылыс. Сондықтан, мемлекеттік рәміздерді қастерлеу азаматтарымыз үшін басты міндет болып табылуы тиіс. Сондай-ақ, ұлтаралық татулық пен бейбітшілікті насихаттау жолында және мемлекетіміздің әлемдік деңгейде танылып өзіне тән белгілерімен дамыған елдер қатарынан орын алуы үшін төл нышандарымыздың атқаратын қызметі айрықша.

Г. НАЗАРБЕКОВА,
техникалық реттеу және метрология комитетінің
Қарағанды облысы бойынша департаментінің бас маманы.

Комментарии закрыты.