Мемориалдық тақта орнатылды

Ұлы Жеңістің 75 жылдығы аясында қаламызда Ұлы Отан соғысының ардагері, Даңқ орденінің толық иегері, жерлесіміз Жақсымбек Тілеуұлы Үншібаевтың құрметіне мемориалдық тақта орнатылды.

Жақсымбек Үншібаев 1922 жылы Қарағанды облысы Жезқазған ауданында дүниеге келді. Ол қан майданға 1941 жылдың желтоқсан айында аттанып, 1941-42 жылдары Воронеж, Степной, 2, 3 Украин майдандарында соғысты. Ұрыс кезінде үш рет жарақат алады. Ол қанды шайқастарда ерлік көрсетіп, үш бірдей «Даңқ» орденіне ие болды. 1943 жылдың 18 желтоқсанында Кривой Рог қаласының маңында гвардия аға сержанты Үншібаевтың минометшілер бөлімшесі жаудың екі автокөлігі мен екі взвод жаяу әскерінің көзін жойды. Бұл ерлігі үшін Ж.Үншібаевқа үшінші дәрежелі Даңқ ордені берілді. Украина жеріндегі қақтығыста жаудың жаяу әскері біздің шепке кіреді. Осындай қысылтаяң кезде гвардия старшинасы Үншібаевтың жауынгерлері ерекше ерлік көрсетіп, жауды тоқтатады. Аталған ұрыстағы ерлігі үшін Үншібаев екінші дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады. Ал, үшінші мәрте Үншібаевтың барлаушылар тобы жаудың екі жүзге таяу әскерін құртып, 17-ін тұтқынға алады. ҚСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен гвардия старшинасы Жақсымбек Үншібаев бірінші дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады.

– Өте қарапайым, еңбекқор азамат болатын. Бейбіт өмірде де қоғамға сіңірген еңбегі ерен. Бұл тақтайша 30 жылдай бұрын Жақсымбек аға қызмет еткен ғимаратқа орнатылды. Алайда, сол тақтайша көнеріп, ескірді. Біз соны қолға алып қайта жаңғырттық. Бұл жас ұрпақтың батырға көрсеткен құрметі. Қаламызда соғыс және еңбек ардагерлері жетерлік. Алдағы уақытта кенді шаһардан ардагерлер аллеясын ашса көптік етпейді деп ойлаймын, – деді ашылу салтанатында «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Бүкіров.

Ашық аспан, бейбіт өмір. Бүгінгі ұрпақ қазіргі тәуелсіз Қазақстан елінде алаңсыз өмір кешуде. Мұндай еркіндікті бұғанасы бекімей қолына қару алып, қасық қаны қалғанша жаумен күрескен аға ұрпақ сыйлады. Ардагерлердің ерлігіне тағзым ретінде жасалған мұндай шара жастарды патриоттыққа тәрбиелей берері сөзсіз.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.