Боздақтарды еске алды

Елімізде 1997 жылдан бері Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін жəне ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде  аталып келеді.

Тарихи деректерге көз салсақ, 1921 жыл мен 1954 жылдар аралығында Кеңес Одағының 3 миллион жеті жүз елу мың тұрғыны солақай саясаттың құрбаны болған. Оның 500 мыңға жуығы атылған, қалғандары ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған.

Қазақстанда осы жылдар ішінде 103 мың адам репрессияға ұшырап, 25 мыңнан аса зиялы қауым өкілі жазықсыз жазаланып, оққа ұшты. Сол уақыт аралығында ел аумағында 953 лагерь жұмыс жасаған.

Қазаққа қасірет əкелген жылдардың құрбаны болған бабалар рухына тағзым жасау – ұрпаққа парыз.

«Даңқ» алаңында өткен митинг миллиондаған кінəсіз жандарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.

Қала əкімі Батырлан Ахметов, «Нұр Отан» ХДП Сəтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дəрібаев, Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің профессоры Тұрғынбек Алланиязов, жазықсыз қудалауға түскендердің ұрпақтарының атынан білім беру ісінің ардагері Евгения Соборова сөз алып, нəубетті жылдардың қайта келмеуін тіледі.

№1 мектеп-гимназияның оқушылары қазақтың маңдайына біткен шоқ жұлдыздарының айдауда жүріп, азаттықты аңсаған сəттерін əдеби монтаж арқылы жеткізді.

Қалалық Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы орталық мешіттің найб имамы Хамит Мырзакелдиев елінің азаттығы жолында кінəсіз жазаланғандардың рухына құран бағыштады. Жылдағы дəстүр бойынша митингіге жиналған жұртшылыққа шелпек таратылды.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.