Қасірет əкелген жылдар

Биыл «Алаш» ұлттық қозғалысына – 95 жыл, Голощекин геноцидіне – 90 жыл, қазақ даласындағы аштыққа – 80 жыл, саяси қуғын-сүргінге – 75 жыл. Тəуелсіз елдің жас буыны солақай саясаттың құрбандарын естен шығармақ емес.

Жақында Сəтбаев қаласы мемлекеттік мұрағатының ұйымдастыруымен Б.Бұлқышев атындағы орталық кітапханада «Өлмес өмір, өшпес ғұмыр» атты дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелді мұрағаттың директоры Айгүл Төлендина жүргізіп отырды. Айгүл Қосманқызы осы жылдардың зобалаңын көзімен көрген Ұлы Отан соғысының ардагері Тоғай Дауылбаевқа сөз кезегін берді. Сол нəубетті жылдарды қазақ қоғамы бастан кешіп жатқанда не бары 7 жастағы Дауылбай елден үдере көшкен халықтың жол бойы аштан қырылып та жатқанын көзімен көрген. – Байлардың алтын-күміске толы киіз үйлері жапан далада жабулы қалып, жан-жаққа бас сауғалай көшті. «Арпа, бидай – ас екен, алтын, күміс – тас екен» деген сөз осы қырғында айтылса керек» – деді асқақал.

Қазаққа қасірет əкелген жылдар жайында мұрағатшы Мереке Мəженова, қор сақтаушы Мереке Атабаева мұрағаттағы ақпараттармен бөлісті. Департацияға ұшырағандардың ұрпақтары біздің қалада да түтін түтетіп отыр. Солардың бірі – Валентина Ноготюк. Ол өзінің əке-шешесінің қазақ еліне департацияланып келгендегі бір уыс дəнді бөлісіп жеген қазақ халқының кеңпейілділігіне риза болып отырушы еді деп еске алды.

Дөңгелек үстелдің соңында кітапхананың библиографы Зейнеп Арыстанова сол жылдардан сыр шертетін кітап көрмесімен таныстырды.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.