Қоныс құтты болсын!

Қазақстан Республикасы мемлекеттік рəміздерінің 20 жылдық мерейтойы күні «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының үшінші бағыты аясында 18 отбасы пəтер кілттеріне ие болды. Айта кетейік, бағдарламаның үшінші бағыты бойынша халықты экономикалық əлеуеті төмен елді-мекендерден экономикалық өсімі жоғары орталықтарға көшіру көзделген.

Мерекелік іс-шараға қала əкімі Батырлан Ахметов, əкім орынбасарлары, мемлекеттік мекеме басшылары жəне тұрғындар қатысты. Қала басшысы 18 жанұяға баспана кілттерін салтанатты түрде табыстаған соң, жаңа тұрғындардың шаңырақтарына қуаныш пен бірлік тіледі.

Шаталюк көшесі 46 «А» мекенжайы бойынша бой көтерген 18 пəтерлі бұл үйге Сəтбаев ауылы, Крестовский жəне Перевалка елді-мекендерінен көшіп келген отбасылар қоныстанды. Қала əкімінің қолынан кілт алғандардың бірі – құрылысшы Қанапия Рақымбаев өз қуанышымен бөлісті.

– Біздің отбасы Сəтбаев ауылынан көшіп келді. Жұбайым екеуміз 4 бала өсіріп отырмыз. Ауылда жұмыс жоқ, ал балаларды оқыту үшін қаражат керек. Енді міне, арманымыз орындалды, баспана жағдайымыз жақсарып, жұмыс істей аламыз. Үшінші қабаттан 3

бөлмелі пəтер алдық. Бөлмелердің орналасуы ұнады, пəтер жарық, үй қаланың орталығында. Елбасыға, қала əкіміне жəне «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы шеңберінде аянбай қызмет атқарып келе жатқан мекеме басшыларына айтар алғысымыз шексіз, – дейді қоныстанушы.

Мердігерлер атынан сөз сөйлеген Білім Ибраевтың айтуы бойынша «Самға» ЖШС нысанды 8 ай ішінде салып бітті. Сонымен қатар, 82 млн. теңгеге салынған бұл үйдің құрылыс материалдары Қарағанды, Алматы, Астана секілді үлкен қалалардың заводтарынан арнайы алыныпты.

Б.Ахметов пен Б.Ибраев лента кесу рəсімін өткізгеннен кейін, қала əкімі əр пəтерге жеке кіріп, иелерін құттықтады. Тұрғындар болса, ел игілігіне ұсынылған пəтерге шашу шашып, Елбасының жүргізіп отырған саясатына қолдау көрсеткен жергілікті билік өкілдеріне ризашылықтарын білдірді.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.