Өліарада туған төл

«Шарайна» газетінің осы 30 жылдағы шыққан сандарын еліміз жүріп өткен 30 тарау жолдың толық жылнамасы деуге болады. Талай айтылып жүргендей, баспасөз – өз заманының жыршысы, өз дәуірінің айнасы. Оның әбден сарғайып, ақжем болған парақтары халықтың сол жылдардың қилы кезеңдерге толы тарихынан сыр шертеді.

Біздің ұрпақ қоғамымыздың өткен ғасырдың соңғы 10 жылындағы өмірін жан-жақты жазып кетті десек қателеспеспіз. Газеттің өзі сол өліара шақта, яғни, тоқырау белең алған тоқсаныншы жылы өмірге келген төл. Аяғын апыл-тапыл басып жүрсе де журналистер қауымы сол уақыттағы идеологияның сарбазы ретінде өзіне артылған міндетті адал атқарды деп айта аламын.

Бүгінде ол заман көбіне-көп керітартпа кезең ретінде сипатталып жүр. Әрине, уақыт мінберінен кейінге көз тастағанда көп нәрсенің басқаша көрінетіні де рас. Дегенмен, өткеннің олқылықтарына тек журналистерді кінәлі деп санайтын кейбір ұшқары пікірлердің бар екендігін де жасыруға болмайды. Оларға кезінде уақыттың өзі баға беретіні күмәнсіз.

Мұны айтып отырған себебім, біз заман ауысуының нағыз өліара кезеңіне тап келдік. Бұрынғы идеалдарымыз көзден бұл-бұл ұшып, жаңа дәуірдің жаңа лебін бірден сезіне алған жоқпыз. Сол дел-сал күйден Қазақстанның тәуелсіздік алып, өз жеке отауын көтерген қуанышы алып шықты деуге болады. Соның арқасында кеудемізді кере дем алып, тарихымызды қайтадан саралауға, діліміз бен дінімізді тірілтуге, тіліміздің мәселелерін көтеруге мүмкіндік алдық.

Өтпелі кезеңнің өткелі қиын сындарынан өту үшін журналистер қауымы қатты қиналды, қинала жүріп тынымсыз ізденді. Сол ізденістердің нәтижесінде егемен еліміздің жүріп өткен 10 жылдық шежіресін жасай алдық. Бұған газеттің қазіргі ұрпағы, яғни жаңа толқын журналистері өз үлестерін қосып келеді.

Соңғы пікірім – ұрпақтар сабақтастығы жалғасып, өткеннің жақсы жақтары мен тәуір тұстары қазіргі заман талабына сай жаңа қырынан көріне берсе екен деген тілек.

Жас әріптестеріме қарымды қалам, мұқалмас жігер тілеймін!

Қамбар АЛАШБАЕВ,
«Шарайна» газетінің 1990-1993 жылғы қызметкері.

Комментарии закрыты.