Заман ағымына сай басылым

«Шарайнаға» – 30 жыл. Тарих үшін бұл қас-қағым ғана сәт болғанымен, бір өңірдің жылнамасын жазып жатқан газет үшін аз уақыт емес. Осы отыз жылда ол елмен, халықпен бірге тарихтың талай бұралаңы мен бұлтарыстарын бастан кешіп, «тар жол, тайғақ кешуден» өтіп, жаңа ғасырға, бүгінгі заманға, егеменді елге жетті. 30 жыл ішінде заман талабына, уақыт ырқына, өмір мүддесіне орай әуелі «Сары-Арка», кейін «Шарайна» болып шығуының өзі біраз жайды аңғартары анық…

Бірақ, әңгіме ол жайында емес. «Шарайнада» кеншілер қаласының отыз жылдық тарихы түзілді. 30 жылдың төрінен қарасақ, газет қандай кезеңде, қандай жағдайда болмасын, өзінің дәстүрінен, өзіндік ұстанымынан, қалыптасқан қолтаңбасынан айныған жоқ. Ол – халыққа қызмет ету, халықтан қол үзбеу. «Шарайна» осы үрдісте келеді, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени, экономикалық-шаруашылық салалардағы қаламызда болып жатқан түбегейлі өзгерістерді, жаңалықтарды жан-жақты баяндайды. Халқымызға тіліміз, дініміз, діліміз, қадір-қасиетіміз, ұлттық сана-сезіміміз бен салтымыз, мұра-дәстүрімізді жандандыруға, жаңартуға көмектесуде. Ұлттық дамудың жаңа моделі жүріп жатқанда бұл – өте құптарлық іс.
Мені қуантатыны, күнде өзгеріп жатқан бүгінгідей алмағайып заманда аға буынның, біздің буын мен қазіргі буынның өзара кәсіби тінінің үзілмегені, қайта, жалғасып, жаңара, жасара түскендігі. «Шарайнаның» беделін, абыройын, оқырманға деген адалдығын сақтауда газетте қалыптасқан, дәстүрге айналған жақсы үлгі жалғасын табуда.

Әрине, газеттің алдында тұрған тақырыптар мен міндеттер әрі күрделі, әрі жауапты. Осымен бірге оқырманның талғамы, түйсігі, түсінігі де жоғары. Оны қанағаттандыру, тек қанағаттандыру ғана емес, оның санасына, түйсігіне ой салу, толғандыру да қажет. Журналистер үшін көкейтесті мәселелер көп. Соның ішінде халқымыздың материалдық, рухани байлығын қорғау, ғасырдан ғасырға, атадан балаға мұра болып келе жатқан жерді, суды, қоршаған ортаны, жерасты тұнған байлықты сақтау, орынды пайдалану, рухани салада – ұлттық құндылықтарымыз, әсіресе, үйдегі, отбасындағы тәрбие – ізеттілік, инабаттылық, бауырмалдық сынды ұлттық ерекшеліктерімізді уағыздау, насихаттау…

«Шарайна» – қаламгерлердің ыстық ұясы, аяулы алтын бесігі. Осы газеттен түлеп ұшқан көптеген жас журналистер әрісі Алматы мен Астанада, берісі Қарағанды мен Жезқазғанда жемісті еңбек етіп жүр. Аймақтық «Мысты өңір» газетінің қазіргі бас редакторы Бағдат Қазкенов осы «Шарайнаның» шекпенінен шыққан журналист.

Сәтбаев қаласы қазір ерекше бір түлеу, жаңару, жасару кезеңін бастан кешуде. Бұл «Шарайнаның» қазіргі қаламгерлеріне – қадірменді інілеріме, қарлығаш-қарындастарыма үлкен міндет жүктейді. Өйткені, осы бір қайталанбас құбылыс газетте тарихи шежіре ретінде жазылып қалуы керек.

Ал, «Шарайнаның» қазіргі оқырмандарына айтарым, Сіздердің ата-аналарыңыз қызыға оқыған, оны өздеріне рухани азық еткен, одан күш-жігер алған газетке әрқашан жанашыр болып, оның ақпарат айдынында кемелдене түсуіне үлес қосуларыңызды қалар едім.

Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ,
«Шарайна» газетінің 2017-2018 жылдардағы редакторы.

Комментарии закрыты.