Қадірлі «шарайналықтар»!

Кеншілер қаласының шежірешісіне айналған, мыңдаған оқырманның сүйікті басылымы «Шарайна» газетінің 30 жылдық мерейтойы құтты болсын!

Отыз жылда еңсерген биігі, бағындырған шыңы бар басылым ұлт тарихын, ұлы тұлғаларды, халқымыздың асыл құндылықтарын дәріптеуде өз қызметін мінсіз атқарып келеді. Тәуелсіз Қазақстанның баспасөз саласында ойып тұрып орын алған «Шарайна» газеті тәуелсіздіктің елең-алаңында жарыққа шыққан басылым. Тоқсаныншы жылдың тоқырау тұсында газет шығарып, оны халықтың іздеп оқитын газетіне айналдыру қандай қиын болса, осы жолда тер төккен аға-апалардың еңбегі ұшан-теңіз.

Кеңес одағы ыдырап, балапан – басына, тұрымтай – тұсына кеткен жылдарда газеттің тарихы қалыптасты. Десе де, елдегі әлеуметтік-экономикалық, саяси-мәдени жаңалықтарды, кенді аймақтағы тың жаңалықтарды оқырманға жеткізуде өзіндік ерекшелігімен көпшіліктің сүйікті басылымына айналды. Редакцияны қаламы қарымды журналистердің мектебі қалыптасып, талай жастың түлеп ұшқан ыстық ұясы ретінде бағалаймын. Мен де осы басылымнан қанаттанып, журналист мамандығының қыр-сырына қанықтым. Мамандыққа баулып, шығармашылық жолда қолдау білдірген барша «шарайналықтарға», сол кездегі газеттің бас редакторы Майра Смағұлқызына, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қарағанды облысы әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының иегері, журналистика саласының ардагері Мәди Әлжаппаровқа, газеттің майталманы, өзіндік жазу стилі бар Ізтай Бейсенбаевқа алғысымды білдіремін. Өмір жолында жастарға шынайы қолдау білдірген кең жүректі аға-апалардың тәлімін алып жатқан жас буын өкілдері «Шарайна» газетінің бір ғасырлық тойына дейін қызмет жасайды деген сенім зор.
Құрметті «Шарайна» газетінің ұжымы!

«Шарайна» газеті – еліміздегі өзіндік өрелі тарихы бар, бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан беделді басылымдардың бірі. Қандай қиын кезеңдерден өтсе де газет ұжымының болашаққа деген ынтасы мен ұмтылысы басылымның жарқырай көрінуіне еңбек сіңіруде. Заман талабына сай күнбе-күн «Шарайнаның» үні жарқын естіліп, ой-өрісі, мәні артқан үстіне артып келеді. Газеттің біздің халқымызға, әсіресе жастарымызға берер тәлім-тәрбиесі мол. Ал, бұл игілікті іс – ұжымның зор жемісті еңбегі.
Сіздерді Жезқазған аймақтық «Мысты өңір» газеті ұжымы атынан және өз атымнан орда бұзар отыз жас мерейлі мерекемен құттықтай отырып, елді таныту мен ұлт мұратын асқақтату жолындағы еңбектеріңізге шығармашылық табыс тілеймін.

Сіздерге деген ыстық ықыласпен,
Бағдат ҚАЗКЕНОВ,
«Мысты өңір» газетінің бас редакторы.

Комментарии закрыты.